«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТТЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

«AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы Петропавлда өтті. Жиын барысында өңірдің мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтау саласындағы жетістіктері кеңінен талқыланды.

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтаев өңірдің осы саладағы жетістіктерін ерекше атап өтті. «Солтүстік Қазақстан облысы – ел тарихының алтын қазығы іспеттес өңір. Мұнда сақталған мәдени және тарихи мұралар – біздің ұлтымыздың байлығы. Өңірде тарихи ескерткіштерді сақтау, мәдениетті дамыту және рухани құндылықтарды нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда, жас ұрпаққа өткенімізді дәріптеуде маңызды қадам», – деді Мәжіліс депутаты.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов облыстың тарихи-мәдени мұрасы жайында баяндап, «Miras» кеңесінің осы саладағы рөлін ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ мәдени мұраның туризмді дамытудағы маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, облыс аумағында орналасқан тарихи орындар тек өткенді еске салу үшін ғана емес, ұрпақтар арасында байланыс орнату, ұлттық бірегейлікті нығайту және ішкі туризмді дамыту үшін де аса маңызды. Аймақтық «Miras» кеңесінің төрағасы Ербақыт Амантайұлы соңғы екі жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, кеңестің өңірдегі мәдениет пен тіл саясатын дамытудағы үлесін атап өтті. Ал мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы аясында өңірдегі мәдени нысандардың салынуы мен жөндеу жұмыстары туралы мәліметтерді ұсынды. Оның айтуынша, 2023-2024 жылдары өңірде 46 мәдениет нысаны жөндеуден өтіп, 200 мыңнан астам тұрғынды мәдени қызметтермен қамтуға мүмкіндік жасалды. Петропавл қаласында «Мағжан орталығын» ашу жоспарланған.

Облысымыздың мәдениет саласындағы өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады. «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов Солнечный шағынауданының маңындағы «Ақтау» қаласының орнын одан әрі қазып, оны туризм саласында тиімді пайдалану керектігін жеткізді. Сонымен қатар жергілікті жас ақындардың кітаптарын шығару мәселесін де көтерді. Руханиятқа қызмет еткен азаматтардың көлеңкеде қалғаны жерлестерімізді алаңдататынын айтқан қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испанов баяндамасында облыстың мәдениет ұйымдарында режиссерлер, дыбыс режиссерлері, гримерлар, актерлар, вокалистер, бишілер, музыканттар, костюмерлер тапшы екенін мәлімдеді. Айлықтың аздығы мен баспананың жоқтығынан соңғы жылдары 85 мәдениет қызметкері басқа өңірге көшіп кеткен.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, диплом алып келген жас мамандар тұрақтамағанынан руханият ордасының жұмысы ақсап тұр. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов облыста кәсіби білім алған алты-ақ дәстүрлі әнші болса, соның бесеуі филармонияда, біреуі Ақжар ауданында екенін айтып, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінде қазақ халық аспаптары бөлімінде екі студент, домбырада 11 студент қана оқитынын, қалған ұлттық аспаптарымыз: сыбызғы, қобыз, жетіген, жыр оқылмайтынын атап өтті.

Жиын соңында «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтаев айтылған ұсыныстар мен көтерген мәселелердің жерде қалмай, орындалуына атсалысатынын айтты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp