«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТТІ МӘУЕЛЕТІП, ӨНЕРДІ ӨРІСТЕТКЕНДЕР

Қандай ұлт болсын өркениет биігіне өзінің сан ғасырлық мәдени қазынасына сүйеніп қана жете алмақ. Ал сол рухани мұрамыздың өміршең болып, ұзақ жасауы – бабалар аманатын арқалаған өнерпаздар мен мәдениет саласы қызметкерлерінің міндеті. Мамырдың мамыражай уағында аталып өтетін кәсіби мерекеде сала қызметкерлері құрметке бөленіп, құшағы гүлге толады. Биыл да Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай үздіктер салтанатты шарада бас қосты. Жиынға келгендерді айтулы күнмен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

– Бұл мереке – туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Халыққа қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлері – нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Биыл облыстың мәдени өмірі Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы, Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығы сияқты көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналады. Сондай-ақ Ақан сері атындағы облыстық филармонияның 60 жылдығы және С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 25 жылдығы аталып өтіледі. Сіздердің игі еңбектеріңіздің арқасында өңіріміздің мәдениеті жылдан жылға көркейіп келеді, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.

Өткен бір жыл өңір руханияты үшін елеулі оқиғаларға толы болды. «Qyzyljar Creative Center» хабы ашылып, креативті индустрияны дамыту үшін із салынды. Қаланың орталық көшесінің бойында сурет галереясы пайда болды. Мәдениет ошақтарын жөндеуге бағытталған қаржы көлемі де жыл санап артып келеді. «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» жобасы қайта жанданды. Күні кеше облыстық филармония әншісі Динара Таушева Ақордадағы жиынға қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Ал С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Мерекелік шарада өңір басшысы бірқатар азаматтарға марапаттар табыстады. Облыстық музей бірлестігінің суретшісі Болат Әсербеков «Құрмет» орденін тағынды. Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Бұлбұл Рамазанова, облыстық музей бірлестігінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Абуова, Шал ақын ауданының орталықтандырылған клуб жүйесінің музыка жетекшісі Сәкен Нүкенов «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Мәдениет басқармасының статистигі Бәтима Мүслімоваға «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Бұдан бөлек сала мамандары облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp