«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТІМІЗГЕ ЖАҢА СЕРПІН БЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ

Тұрсынай МОЛДАХМЕТОВА,

облыстық Мәдениет, мұрағаттар және

құжаттамалар басқармасының мәдениет және өнер ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстан халқына ел тарихындағы тағы бір кезең – жаңа дәуірдің кемел келбетін көрсететін “Мәңгілік Ел” жобасын ұсынды. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елінің қатарына кіру тұжырымдамасының жеті басым бағытын атап айтып берді. Солардың ішінде: “Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек”, – деп міндет қойды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма екі жылының ішінде еліміз, оның ішінде қазақ халқы өзіміздің мәдени дәстүрлерімізді, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді сақтай алдық.  

Біз өткенімізді жадымыздан шығармаймыз, сонымен бірге мәдениетіміздің бәсекеге қабілетті ментальдігін қалыптастыруға ұмтыламыз. Еліміздің бұл бағыттағы жетістіктеріне әлем қанық. Астанамыздағы ең көрнекті мәдениет ошақтарында әлемнің нағыз танымал өнер иелері концерттер қойып, біздің беткеұстар әншілеріміз, басқа да атақты орындаушыларымыз Еуропаның және басқа да құрлықтағы елдердің сахналарында жұртшылыққа тарту жасауы біздің ұлттық мәдени өскенімізді айғақтамай ма?!

Мәдениет, өнер бұқараға тамыр тартқанда ғана өміршең. Ұлттың қадым ғасырлардан бастау алып жатқан мәдениеті бүгінгі ұрпағына жетіп, рухани тұлғасын, сана-сезімін байыта беруі керек. Елбасымыз бекіткен “Мәдени мұра” бағдарламасы ұрпақты рухани шыңдау мақсатын көздейді.

Бізде бүгінде республикалық санаттағы, мемлекет қорғауына алынған 7 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Жергілікті маңыздағы 593 ескерткіш ұрпағымыздың ментальдігін қалыптастыруға қызмет етеді.

Бүгінде өңірімізде 551 мәдениет нысаны болса, олардың 456-сы – мемлекет иелігінде. Өткен жылы 11 мәдениет ошағы мемлекеттік жүйеге қайтарылды.

Биылғы жылы бұл салада біршама елеулі оқиғалар өз кезегін күтуде. Атап айтқанда, облыстық мұражай бірлестігінің шаңырақ көтергеніне 90 жыл толады. Бейнелеу өнері мұражайы 25 жылдығын атап өтеді. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың ашылғанына – 80 жыл. Ал облыстық филармония биыл өзінің 50-ші концерттік маусымын бастайды.

Осы үлкен де маңызды мәдени шаралардың бәрі өңір тұрғындарының рухани игілігіне асатынына сенімдіміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp