«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәдениет – елдің айнасы

Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Аталмыш сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

– Құрметті сахна, мұражай, кітапхана қызметкерлері, сіздердің өңірдің рухани дамуына қосып жатқан үлестеріңіз өлшеусіз. Былтыр бұл салаға 7 млрд. теңгеден астам қаражат құйылды. Жыл сайын оның көлемі артып келеді. Нәтижесінде мәдениет ошақтары жаңарып, материалдық-техникалық базасы нығаюда. Өңір тұрғындарына қуаныш сыйлап, талмай еңбек етіп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің №14 бұйрығына сәйкес “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Солардың бірі – Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрілнің әртісі Сандуғаш Оңғарбаева.

– Өнер саласында еңбек етіп жүргеніме биыл 27 жыл толды. Алматыдағы жоғары музыкалық консерваторияны аяқтап, Қызылжарда тұрақтадым. Оркестрде қобызда ойнаймын. Еңбегім еленіп, марапат иесі атанғаныма қуаныштымын. Бұл жетістікті ұжымның ортақ жеңісі деп білемін, – деді Сандуғаш Дүйсенбайқызы.

Сонымен қатар салтанатты шарада бірқатар қызметкерге Білім және ғылым министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының арнайы марапаттары табысталды. Ал “Еңбек даңқы” медалі Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлия Байкенованың кеудесіне тағылды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp