Әкімдердің есеп беру кездесулерін ауыл тұрғындары асыға күтеді. Себебі өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түйткілді мәселелерінің шешімін тосады. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Уәлиханов ауданының тұрғындары да бұл мүмкіндікті қалт жібермей, 13-27 қаңтар аралығында есеп берген округ әкімдеріне 70-тен астам сауал жолдап, ұсыныс-тілектерін жеткізген. Аудан әкімі Медет Оспановтың қорытынды есебіне келген тұрғындардың да қарасы аз болмады. Есепті кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.
Сәкен серi атындағы Мәдениет үйiнде өткен есептік кездесуде Медет Оспанов аудандағы агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамыту, индустриялық-иновациялық жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды орындау, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауын iске асыру аясында биылғы жылға арналған жоспарларын жеткізді.
– Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда жүйелі нәтижеге қол жеткізу үшін азаматтық қоғамның көмегіне сүйену керек. Яғни, тұрғындарды қолдап, өзекті мәселелерді талқылау ісіне тарту, осылайша халықпен тығыз байланыс орнату маңызды, – деген аудан басшысы осы принципті негізге ала отырып, аудан әкімінің аппаратына жыл бойы түскен 166 өтініштің орындалуын жіті бақылауына алғанын айтты.
Былтыр барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінде аудан жұртшылығынан 80-ге жуық сұрақ түскен екен. Сондағы мәселелердің бірі Бидайық ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты болған. Қаржы тапшылығына байланысты былтыр бұл мәселе шешілмепті. Әйтсе де, назарға алынып, биыл су қоймасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 18 млн. теңге бөлінген.
Облыс орталығынан шалғайда орналасқаны болмаса, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, тиісінше тұрғындарының тұрмысын да төмен деуге келмейді. Мұндағы орташа жалақы – 103750 теңге. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру және экспорт көлемін ұлғайту бойынша атқарған жұмыстары айтарлықтай. Былтыр диқандар қамбаға 204 мың тонна астық құйып, озық технологияларды қолдану арқылы 46,1 мың тонна майлы дақыл жинаған.
Аудан басшысы былтыр өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 1210,9 млн. теңгені құрағанын, ал облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 36 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екенін жеткізді. Баяндамасында әлеуметтік салаға кеңірек тоқталған Медет Оспанов былтыр 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, осы жылы тағы үш мектептің жағдайы жақсаратынын, аудандағы 24 мектептің 19-ы жылы дәретханамен қамтамасыз етілгенін, қалған мектептер бұл мәселені тамыз айына дейін шешетінін мәлім етті.
– Биылғы жылы аудан бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. “Аумақтарды дамыту” бағдарламасы аясында 4 ауылдың клубын жөндеу жұмыстарына 21506,0 мың теңге бөлінді. Аудандық Мәдениет үйін жөндеуге – 1,5 миллион, ондағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға 11,5 миллион теңге қарастырылған. Қулыкөл ауылын сумен жабдықтау, Кішкенекөлдегі 16 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіру, ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстарын қолға аламыз. Биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен аудандағы 9 ауылға 1269,0 миллион теңге бөлу жоспарланған, – деді Медет Оспанов.
Кездесу барысында аудан әкіміне тұрғындардан 23 сұрақ түсті. Тұрғындарды абаттандыру, таза ауызсумен жабдықтау және жол мәселесі толғандырды. Аудан әкiмi барлық өтініш-тілектерді бақылауына алатынын айтып, жауапты басшыларға тиiстi тапсырмалар бердi.
Қорытынды есептiк кездесуден кейiн облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Марат Тасмағанбетов жеке мәселелерін айта келген аудан тұрғындарын қабылдады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltústik Qazaqstan”.