«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Жаңа кезеңге қадам басқан еліміздің даму бағытын айқындаған биылғы Жолдаудың біз үшін маңызы зор. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты алғашқы Жолдауына ел ерекше назар аударып, алдағы ауқымды жоспарлармен танысты.

Мемлекет басшысы әр саланың дамуына жеке-жеке тоқталып, отандастарын туындаған мәселелерді бірге шешуге шақырды.
Мәдениет саласының өкілі ретінде мені Жолдауда руханияттың дамуына қатысты айтылған тың ойлар ерекше қуантты. Мәдениет қызметкерлеріне қолдау білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың төртінші бағытында: “Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде өскен жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс”, – дей келе білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек екенін айтты. Бұл біз үшін жағымды жаңалық болды.
Расында да, бүгінде өнер, мәдениет саласында кадр тапшылығы айқын сезіледі. Кәсіби мамандардың дені ауылға барып жұмыс істеуден бас тартады. Өйткені, жалақы мардымсыз. Оның үстіне пәтер жалдап тұрса, тіпті, қиын. Енді мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылса, ауылдағы өнердің де бағы жанады деп ойлаймын. Әсіресе, жас мамандарға бұл үлкен қолдау екенін айтқым келеді.
Жолдауда ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа сенім білдірген Мемлекет басшысы қазақстандықтарды ортақ шаңырағымызды өркендетуге үлес қосуға шақырды. Қазақстан халқы алда тұрған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылып, береке мен бірлігін, ақыл мен парасатын көрсетеді деп ойлаймын. Жолдау жүктеген талаптарды орындау – баршаның міндеті.

Ботагөз АҚМАҒАМБЕТОВА,  облыстық филармонияның директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp