
Мәдениет – ұлттың рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Сондықтан мәдениет саласының дамуына бүгінде айрықша көңіл бөлінуде. Оған аталмыш салаға берілген қаржының көлемі мен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысының өсуі дәлел бола алады. Мәселен, биыл өңірдегі мәдениет саласына 5,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен мәдениет, архивтер және құжаттама, сонымен қатар тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың кеңейтілген алқа отырысында әңгіме өрбіді.
Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, мәдениет саласы қызметкерлері мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Отырыста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады.
Қазір біздің өңірімізде 598 мәдениет нысаны бар, 322 кітапхана, 266 клуб жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы орташа еңбекақы 105 мың теңгені құрады (өткен жылы 74 мың теңге). Бұл салада 2601 адам еңбек етуде. 2019 жылы 34 мәдени нысанды жөндеуден өткізу үшін 197,4 миллион теңге бөлінген. Демеушілердің қаржысы есебінен Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылдық кітапханасының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылдық клубтарды музыкалық құралдармен жабдықтауға, аудандық кітапхана қорын толықтыруға 65,3 миллион теңге бағытталды. Мамлют, Аққайың аудандарындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолдауымен Меңгесер, Шағалалы ауылдық Мәдениет үйлері, Новомихайловка ауылдық клубының материалдық-техникалық базасы жақсарды.
Соңғы бес жылда алғаш рет үш театрға жаңа қойылымдар үшін берілетін қаржы көлемі ұлғайды. Енді осы қолдау театрдағы көрермен қатарын толық-тырса игі. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әрбір аудан орталығында өлкетану мұражайларын ашу қолға алынған. Жамбыл, Қызылжар, Мамлют аудандарында бұл мәселе шешімін тапқан.
– Уәлиханов ауданында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде ортағасырлық археологиялық ескерткіш – “Қызылоба” кесенесінің табылуы өткен жылдың айшықты оқиғасы болды. Сонымен қатар өңірімізде алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей қылқалам шеберлерінің “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты халықаралық симпозиумы өтті. Ал “Рухани жаңғыру” бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі ретінде “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасын айтып өткен жөн, – деді Құралбек Атамұратов.
Басқарма басшысы ауылдық кітапхана қорларын толықтырудың жайы мәз емес екенін ашық айтты. Ауылдық кітапханалардың ғаламтор желісіне қосылуы да көңіл көншітпейді. Мәселен, Жамбыл ауданында барлығы 13 кітапхана болса, тек 25 компьютер ғана ғаламторға қосылған. Ал Айыртау ауданында интернетке қосылған екі кітапханада бар-жоғы үш компьютер жұмыс істейді.
Қазір мәдениет және архив саласында “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Құжаттардың бірыңғай электронды архиві іске қосылған. Бұл орайда бірқатар аудандық, қалалық архив филиалдарының жеке ғимараты жоқ екенін айту керек. Ақжар, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандары мен қалалық архив ғимараттарын жалға алуға жыл сайын 24 миллион теңге жұмсалады.
Өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселесіне жан-жақты тоқталған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов 2019 жылы қазақ тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 53 пайызды құрағанын, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына Абай Құнанбаевтың, №25 қазақ орта мектебіне Мақтай Сағдиевтің, Шал ақын ауданының Приишим орта мектебіне жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімін беру туралы ұсыныс қолдау тапқанын айтты.
Жиында Н.Погодин атындағы орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов, Айыртау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнәр Өтеулина, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мәмбеталинов, Мағжан Жұмабаев аудандық кітапханасы директорының міндетін атқарушы Ольга Жигаева атқарылған жұмыстар жайын сөз етті.
Отырыс барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев мәдениет саласы қызметкерлерінің алдында тұрған бірқатар міндеттерді атап өтті.
– Ауылда мәдениет саласы жергілікті бюджет есебінен ғана емес, меценаттар мен агроқұрылымдардың қолдауымен дамуы керек. Үстіміздегі жылы облыс орталығында заманауи көркем галерея ашу жоспарлануда. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың мерейтойы аясында Жамбыл ауданындағы мұражай мен өзге де нысандарға, сондай-ақ, Аққайың ауданындағы Мәдениет үйін жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінеді, – деген Руслан Қанатханұлы тиімсіз, шығыны көп шараларды ұйымдастырудан бас тартып, қаржы үнемдеуге кеңес беріп, түрлі байқауларда өңір намысын қорғайтын дарынды жастардың қатарын көбейту қажет екенін атап өтті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.