С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада мәдениет, архивтер және құжаттама, сонымен қатар тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, мәдениет саласы қызметкерлері мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Отырыста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов аталмыш салада атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады. Биыл өңірдегі мәдениет саласының дамуына 5,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы
Қазір біздің өңірімізде 598 мәдениет нысаны бар. 322 кітапхана, 266 клуб жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы орташа еңбекақы өсіп, 105 мың теңгені құрады (өткен жылы 74 мың теңге). Бүгінде бұл салада 2601 адам еңбек етуде. 2019 жылы 34 мәдени нысанды жөндеуден өткізу үшін 197,4 миллион теңге бөлінген. Демеушілердің қаржысы есебінен Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылдық кітапханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылдық клубтарды музыкалық құралдармен жабдықтауға, аудандық кітапхана қорын толықтыруға 65,3 миллион теңге бағытталған. Мамлют, Аққайың аудандарындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолдауымен Меңгесер, Шағалалы ауылдық Мәдениет үйлері, Новомихайловка ауылдық клубының материалдық-техникалық базасы жақсартылды.
Ал өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселесіне жан-жақты тоқталған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов 2019 жылы қазақ тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 53 пайызды құрағанын, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына Абай Құнанбаевтың, №25 қазақ орта мектебіне Мақтай Сағдиевтің, Шал ақын ауданының Приишим орта мектебіне жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімін беру туралы ұсыныс қолдау тапқанын айтты.
Отырыс барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойды.
