Алдағы аптада Петропавлда өтетін XV Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының қонақтарына арнайы мәдени бағдарлама әзірленуде.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері өңір тарихына қатысты құжаттар көрмесін дайындап жатыр. Оның ішінде XVIII ғасырдағы Ресей империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынасына қатысты тарихи құжаттар, алғашқы жәрмеңкелер, Қызылжар өңірінің қасиетті орындары туралы мәліметтер бар.
Ал облыстық филармония солистері мен шығармашылық ұжымдары Омбы, Түмен облыстарындағы әріптестерімен бірлесіп, арнайы концерттік бағдарлама ұсынады. Қарашаның 9-ы күні Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрдің жеке концерті болады.