Қазақстанда Елбасының бастамасымен жүзеге асқан “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жалпы таралымы 350 мың дана таралыммен 160 том кітап шығарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде “Елдің тарихы мен мəдениеті – болашағы тұтас ұлт” тақырыбында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров хабарлады.
“Мемлекет басшысы айқындаған бес институттық реформаның негізгі бір бағыты – болашағы тұтас ұлт қалыптастыру. Ал өткенді бағалап, ұлт тарихы мен мәдениетін терең зерделемей тұрып, елдің болашағы туралы әңгіме айту да мүмкін емес”, – деді Әлібек Асқаров. Оның айтуынша, тарихты зерттеу, ең алдымен, көне қолжазбалар мен кітаптарға жүгініп, кітапханалардағы қолжазбалармен тынымсыз әрі мұқият жұмысты талап етеді. Айталық, биылғы жылдың басынан бері біз кітапханада үлкен көрме ұйымдастырып жатырмыз, онда келушілер үш мыңнан астам қолжазбалармен, сирек кездесетін тарихи құжаттармен, кітаптармен таныса алады”, – деді Әлібек Асқаров.
Ежелгі ғұндар бүгінгі қазақтың Керей, Уақ, Сіргелі секілді руларымен туыс болып шықты. Әлібек Асқаровтың айтуына қарағанда, зерттеуші ғалымдар қазақ халқының ДНК-сын ежелгі жауынгер халық хунну (ғұн) мен арийлердің ДНК-сымен салыстырған екен. “Нәтижесінде осы үш халықтың өзара жақын туыстық байланысы бары анықталған. Нақтылап айтсақ, осыдан 4000 жыл бұрын өмір сүрген андроновтардың гені қазақтардың қазіргі Табын руында кездескен. Дүниежүзінде ең алғашқы болып жабайы жылқыны қолға үйретіп, дөңгелекті арбаны ойлап тапқан да осы арийлер болған. Ал “хун-ну”, кейіннен ғұн атанған халық біздің қазіргі Керей, Уақ, Сіргелі руларымен туыс болып шықты”, – дейді Əлібек Асқаров. Бұл ғана емес, оның айтуынша, ежелде алып империя құрған қидандар қазіргі қазақтың наймандарының ата-тегі екені де айтылып жүр. Ал ғалымдар мұндай қорытындыға Қытайдың солтүстігінен табылған Еген Гол, Дүрлі Нас, Бар Кол қорымдарында жерленген жауынгерлердің ДНК-сын зерттеу нәтижелері арқылы келген тәрізді.
Ал қазақ тарихы үшін ең құнды дүние – Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегі. Өйткені, осыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығының құрылғандығы туралы дерек әзірше тек “Тарихи Рашиди” қолжазбасында ғана кездеседі. Кітапхана директорының айтуынша, Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты қолжазбасын парсы тілінен қазақшаға аударып, кітап етіп жарыққа шығарған. “Бұл кітап – қазақтың мəдени өміріндегі айтулы жаңалықтың бірі. Бұған дейін Дулати қолжазбасы орыс тілінен қазақшаға аударылған болатын. Алайда, аудармада көптеген көне атаулар мен аттардың қате жазылуы, кейде əдейі бұра тартушылық толып жүргендігі белгілі болды. Қазір “Қазақ хандығына – 550 жыл” деп жатырмыз. Бірақ біз осы деректі қайдан алдық? Ол деректі Мұхаммед Хайдардың осы қолжазбасынан алдық. Бұл кітаптың қазақ үшін маңызы да осында жатыр”, – деді Əлібек Асқаров.
“ҚазАқпарат”.