Бахыт ДОСЖАНОВ,
Петропавл құрылыс
экономикалық колледжінің
3-курс студенті:
Осы мәселе турасында үйдегі үлкендерге айта бастасам, “Дәл сендей жалындап тұрған жиырма жасымда демалуды білмеп едім. Бүгінгі жастардың көбі жалқау. Бір істі тындырса, әлемді аузына қаратқандай күй кешіп жүреді” дегендей қарсы жауап аламын. Алайда, бір менің ғана емес, жүз өреннің көзқарасымен қарасақ, бұл ойландыратын мәселе ғой. Жастардың көбі ішімдікті серік етуде, бұрыс жолда жүр деп байбалам саламыз. Сол мәселенің бір ұшқыны олардың бос уақытының пайдалы әрі қызықты өтуіне жағдайдың әлі де болса дұрыс жасалмай жатқандығынан емес пе?!. Өрендердің демалып, бой сергітетін орындары ретінде Қызылжардағы саусақпен санарлық кинотеатрларды, ойын-сауық орталықтарын айта аламыз. Олардың қатарына С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрын, саябақтар мен тәлімбақтарды қосайық. Талғамы бөлек әртүрлі жастар аталмыш орындарда жиі төбе көрсетуден жалығары анық. Шынтуайтына келгенде, “Қаладағы мәдени орындарға көңілім толмайды” деген мен секілді пікірлі жастар аз емес.
Осыдан бір екі жыл бұрын
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында бой түзеп, құрылысы қарқын ала бастаған ғимарат өңір жастарына беріліп, “Жастар сарайы аталады” деген әңгімеге қуанғанымыз жасырын емес. Көп ұзамай құлаққа жағымды естілген жаңалықтың қауесет екендігіне іштей налыдық. Жастардың бос уақыттарының тиімді өтуіне бірден-бір ықпал ететін орталықтың бізге қажеттігі айдан анық. Мүмкін, соның игілігін пайдаланған уақыттан бастап өңір жастарының әл-ауқаты артып, облысымыздың әлеуметтік дамуына біршама атсалысу көрсеткіші де көңіл қуантарлық болар?
Жұлдыз ТЕҢІЗБАЕВА,
М. Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік
университетінің түлегі:
– Жоғары оқу орнын биыл ғана тамамдадым. Осы уақыт аралығында сабақтан қолым босамай, қаладағы демалыс орындарына ерекше мән бермеппін. Соңғы бір-екі айдың көлемінде сұрағыңыз төңірегінде ойланғаным рас. Бақсам, жастардың пайдалы іспен шұғылдануларына мүмкіндік жасайтын орындар бізде тапшы екен. Әу дегеннен адамның бойына ерекше мәдениет қалыптастыратын театрға тірейміз ғой сөз басын. Алайда, ол да құшақ жая қарсы алып тұрған жоқ. Қалтасы тесік қара жаяу студенттен біраз тиын дәметеді. Оны айтпаған күннің өзінде, жастардың саламатты өмір салтын қалыптастырамын деген ниетін өзім білім алған оқу ордасының жанындағы жүзу бассейнінің өзі шорт кесіп тұр емес пе? Содан кейін өңір өрендерінің белсенділік көрсеткіші еліміз бойынша соңғы орында деп айтуымыздың өзі ойландыратын жағдай.
Сауалнаманы жүргізген
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.