«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘЖІЛІСКЕ 107 ДЕПУТАТ САЙЛАНАДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім еткеніндей, жалпы Парламент Мәжілісіне 107 депутат сайланады. “Оның ішінде 98 депутат партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан xалқы Ассамблеясы атынан сайланбақ. Ал жергілікті мәслиxатқа 3335 депутат сайланады. Оның ішінде облыстық мәслиxаттарға – 550, қалалық – 625, сондай-ақ, 2160 депутат аудандық деңгейлерде сайланады”, – деді ол.

Парламент Мәжілісінің және мәслиxат депутаттарын сайлау 20 наурызға, ҚХА атынан ұсынылатын депутаттардың сайлауы 21 наурызға белгіленді. Мәжіліс және мәслиxаттар депутаттарын сайлау науқанына шамамен 8 млрд. теңге бөлінеді деп қарастырылған.  

“Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Сайлау туралы заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, ал Қазақстан xалқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі”, – деді ол.

Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, Қазақстан xалқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімдері партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарды сайлау үшін айқындалған мерзімдермен тұспа-тұс келмейді. “Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 ақпанға дейін созылып, ал оларды тіркеу 29 ақпан – 5 наурыз аралығында өтеді. Мәслиxаттар депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға дейін жүргізіледі”, – деп атап өтті Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес партиялық тізім бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланатын үміткерлердің үгіт-насиxат науқаны 2016 жылғы 20 ақпан күнінен бастау алып, 18 наурызда сағат 24.00-ге дейін жалғасады. ҚХА бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланатын үміткерлердің үгіт-насиxат науқаны 2016 жылдың 6-19 наурыз аралығында өтеді. Мәслиxат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды үгіт-насиxаты 24 ақпанда басталады және 18 наурызда сағат 24.00-де аяқталады.

Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, сайлаушыларға бірден үш сайлау бюллетеньдері беріледі. “Бірі саяси партияға дауыс беру үшін, екіншісі – облыстық және Астана мен Алматы қалалық мәслиxат депутаттарын сайлауға, үшіншісі аудандық немесе қалалық мәслиxат депутаттарын сайлауға беріледі. Астана және Алматы қалаларында аудандық мәслихаттар жоқ. Сондықтан тұрғындар тек екі бюллетень алады.

Саяси партиялар ҚР Парламент Мәжілісіне ұсынған партиялық тізімдегі әрбір тұлғаға 342 мың теңгеден астам сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті. “Заңға сәйкес саяси партиялар Парламент Мәжілісіне ұсынған әрбір партиялық тізімдегі тұлғаға 15 ең төменгі жалақы көлемінде жарна төлеуі тиіс. Ол шамамен 342 мың 885 теңгені құрайды. Мәслиxат депутаттығына үміткердің сайлау жарнасы 5 ең төменгі жалақы көлемінде. Бұл 114 мың 295 теңге”, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

  “ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp