Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Анатолий Маковский мен Роман Ким Айыртау ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады.
Депутаттардың бұл сапардағы мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын түрлі сала өкілдері арасында кеңінен түсіндіру болды.
Ең алдымен, “Ғасыр-Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын тіреген халық қалаулылары өндірістік нысандарды аралап, ауылшаруашылық техникаларын жөндеу жұмыстарының жай-күйімен, жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатында болған депутаттар балалардың жататын, демалатын бөлмелерін аралап, тәрбиеленушілермен әңгімелесті. Қонақтарды әнмен қарсы алған балалар оларға өздері қолдан жасаған бұйымдарын ескерткіш ретінде сыйға тартты.
Мәжіліс депутаттары Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне, “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және “Солнечный ВИП” шипажайларына да барды. Онда егін және мал шаруашылығын өркендету, туризм кластерін дамыту жайында әңгіме қозғады. “Туризм саласын өркендету үшін оны қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау керек. Тақтайдай тегіс көлік жолы – сол қажеттіліктердің бастысы”, – деген халық қалаулылары біздегі демалыс аумақтарына апаратын жолдардың сын көтермейтінін айтып, бұл мәселе алдағы уақытта өзінің оң шешімін табатындығын жеткізді.
Жанат СӘБИТОВ,
журналист.
Айыртау ауданы.