Облыс орталығындағы Заречный кентінде адам қаңқасы табылды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі адамның қылмыстық жолмен өлтірілгенін көрсетті. Оқиғадан кейін бірнеше ай өткендіктен, саусақ ізі бойынша мәйіттің тұлғасын анықтау мүмкін болмады.
Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистік басқармасының бас криминалисі, полиция майоры Жақсылық Валеев мәйіт арнайы өңдеуден өткеннен кейін оның алақанын суретке түсіріп, “Попилон” деректер базасы арқылы тексереді. Базадағы бірнеше нұсқамен салыстырғаннан кейін оның тұрғылықты мекенжайы жоқ 1983 жылы туған қызылжарлық азамат екені белгілі болды. Бұл көп ұзамай қылмысты ашуға да мүмкіндік берді.
Жедел-іздестіру шараларының барысында екі адамның өліміне айыпталып отырған 1984 жылы туған күдіктінің мекенжайы анықталды. Көрші облысқа қашып кеткен ол ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Жыл басынан бері облыс криминалистері 10 мыңнан астам жедел-іздестіру және 3 мыңға жуық оқиға орнын қарау шараларына қатысты. 4500 криминалистік зерттеу жүргізіліп, 350-і күдіктінің тұлғасын анықтап, қылмысты ашуға септесті.