«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәлік ЖҮНІСБАЕВ:“ЖҰМЕКЕҢНІҢ ҚАЙРАТКЕРЛІГІНЕ ТӘНТІ БОЛДЫМ”

Петропавл қаласындағы №20 мектепке көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімі беріліп, алдына оның мүсіні қойылатын болды. Ескерткіш-мүсіннің авторы – Мәлік Жүнісбаев. В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет институтын бітірген мүсінші қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Мүсін” кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді. Мүсіншіге телефон арқылы хабарласқан едік.

– Бұл ұсыныс маған Қызылжардағы Үкілі Ыбырайдың мүсінін жасаған кезімде түсті, – деп бастады ол әңгімесін. – Жұмысқа кіріспес бұрын Жұмабек Тәшенев туралы ақпарат жинаумен айналыстым. Шындығына келгенде, ол туралы білетінім аз еді. Бірте-бірте білгенімде тұлғалық қасиетіне деген қызығушылығым арта түсті. Жұмабек Тәшенев жайында жазылған мақалалар мен зерттеу еңбектерін оқыған сайын суреткер ретінде оны жан-жақты түсіндім. Мүсінді жасау барысында нар тұлғалы азаматты қалай бейнелесем екен деген ой мені жиі мазалады. Толқыдым. Мойныма артылған жауапкершіліктің салмағын сезіндім. Керемет қайраткерлігіне тәнті болдым. Әсіресе, оның тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Никита Хрущевтің пікіріне қарсылық білдіргені ерекше тебірентті. Оның қайсар рухы, қиын-қыстау кезеңде өзінің жеке басының қамын ұлттық мүдде үшін құрбан еткендігі кімді болсын таңғалдырмай қоймайды. “Елім” деп еңіреген Алаш арыстары сынды қазақ қайраткерлерінің ісін жалғастыра білген асыл азамат екен. Оның Алматыдағы жақындарымен сөйлестім. Тұңғышы Саян Тәшеневтің әкесі жайында жазған естеліктерін оқыдым, оның отбасына деген қарым-қатынасы, достарына деген шексіз ілтипаты тәнті етті.  

Мүсіннің эскизін жасау үстінде Жұмабек Тәшеневтің Шымкент қаласындағы бюстін қашаған мүсінші Ескен Сергебаевпен ақылдасып, оның пікірін білдім. Себебі, Қазақстанда мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткішін тастан ойып жасаған мүсіншілердің алғашқысы да Ескен ағамыз еді. Әріптесім оның тұлғалық қасиетін танытуға кеңес берді. Мүсінші де суретші сияқты. Қолындағы қылқаламы мен бояуының орны тас пен қышқа алмастырылды демесеңіз, мақсаты бір. Ол да кейіпкерінің жан дүниесінің, оның тұлғалық бет-бейнесінің әсем жеткізілуін қалайды. Кейіпкерінің бет-бейнесіндегі селт еткен сезімді тасқа мәңгілік қашауды мақсат тұтады. Менің де көздегенім осы еді. Жұмабек Тәшеневтің мүсінін жартылай фигура ретінде қашап жасауды ұйғардым. Оны бір жылдай істедім. Ескерткіштің білім ордасының алаңында орналастырылатындығына қуаныштымын. Себебі, елі үшін өзінің басын бәйгеге тіккен біртуар қайраткерді өскелең ұрпақ білуге тиіс, – деді Мәлік Жүнісбаев.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp