
2020 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27%-ға өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтты.
ДСМ 2020 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 1 258 медициналық ұйыммен келісімшарт жасады. Оның ішінде 657 медициналық ұйым — мемлекеттік меншікте және 601-і — жекеменшік. «2020 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27%-ға өсті. Оның ішінде КТ және МРТ қызметтерін тұтыну 54%–ға, УДЗ-21%-ға артты. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің барлық түрлері мен бейіндері бойынша 48%-ға өсім байқалады, оның ішінде невралгия (инсульт) бейіндері бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 3,2 есе өсті», — дейді Айбатыр Жұмағұлов. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғыны шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуды жалғастыра береді. Ал қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды.
www.inform.kz