Ертеңгі күні мектеп қабырғасын тамамдағалы отырған әрбір түлек болашақта қиналмай орын табуы үшін мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдағаны жөн. Алдағы күнге жолдама алар шәкірттерге оң бағыт-бағдар беру, әрине, алдымен ата-ана мен ұстаздардың міндеті. Дегенмен де, ертеңгі талапкерлер үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болудың қадір-қасиеті туралы айтып өту артықтық етпейді.
Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді”, – деп атап көрсеткен болатын.
Иә, білімді ұрпақ тәрбиелеу алдымен ұстаздарға жауапкершілік жүктейді. Бұл орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері алдыңғы шептен көрінуі тиіс. Өйткені, жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу де тіл мамандарының міндеті болып табылады. Сондықтан ана тілімізді оқытумен қатар, жастардың бойына адами ізгі қасиеттерді сіңіретін ұстаз болу – үлкен абырой.
Өңіріміздің білім беру мекемелеріне жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Тіл және әдебиет институтының “Қазақ филологиясы” кафедрасында даярланады. Осы орайда тіл мамандарын оқытатын кафедраның тарихы жайлы айтып өткен жөн шығар. 1989 жылы сол кездегі Петропавл педагогика институтының тарих-филология факультетінде “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы ашылды. Ол уақытта облысымыздағы ұлттық мектептерде төл тілімізді оқытуға арнайы дипломы бар мамандар тапшылығы айқын сезілген болатын. Институттың алғашқы қарлығаштары жолдамамен ауыл, қала мектептеріне орналасты. Осы оқу орнын тамамдаған жас мамандардың ішінде тіл білімін зерттеп, ғылым жолына түскендер де аз емес. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаттары, кафедраның оқытушылары Жанар Сейілбекова, Меңдіқыз Есматова, Айғаным Бейсенбаева, Айнагүл Мұхамеджанова, Гүлбарам Хамзина, Гүлмира Мұхамеджанова, тағы басқалары бар. Ал кафедра ашылған күннен бастап тіл мамандарын даярлауға сүбелі үлес қосып, бір жылдары оқытушыларға басшылық жасаған тәлімгерлердің арасында Мақшай Ғабдолақызының, Жанар Серкешқызының, Гүлфайруз Кенжеболатқызының есімдері әрқашан ерекше құрметпен аталады.
Бірнеше жылдан бері біздің кафедраны филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанбай Қадыров басқарып келеді. Бүгінгі таңда мұнда тоғыз оқытушы қызмет атқарады. Оның екеуі профессор, біреуі PhD доктор, төртеуі ғылым кандидаты, екі ғылым магистрі.
Кафедра ашылған күннен бастап жүздеген жас маман қолына диплом алды. Бүгінгі күні біздің түлектер облыс мектептерінде ғана емес, журналистика, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, тағы басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүр.
2000 жылдан бері “филология” мамандығы бойынша магистратура ашылып, жұмыс істеуде. Өткен жылы тіл мамандарына бөлінген грант саны ұлғайды, соның нәтижесінде тоғыз магистрант бірінші курста білім алуда.
Сондай-ақ, біздің кафедрада М. Жұмабаев және А. Байтұрсынов атындағы әдеби-лингвистикалық бірлестіктерде студенттер қазіргі қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелері бойынша жан-жақты ізденіп, мақала жазуға машықтанады, әдістемелік мәселелер талқыланады.
Кафедра оқытушыларының жетекшілігімен студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысады. 2002 жылы құрылған “Жас ғалымдар” ғылыми ұйымы – болашақ мамандардың ғылым жолындағы алғашқы баспалдағы. Себебі, біздің студенттер облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар байқауларында бақтарын сынап жүр. Нәтижесі де олқы емес. “Шұғыла” жас қаламгерлер ұйымының ақын болуды мақсат тұтқан жастардың шығармашылығын шыңдауға көмегі зор екенін де айтып өтуге болады.
Жүрек қалауымен мұғалім болуды армандаған талай жастың тұсауын кесіп, қанатын қатайтқан “Қазақ филологиясы” кафедрасын түлектер қасиетті қарашаңырақ деп қадірлеп жатады. Жас ұрпақты ана тіліміздің тұнығынан сусындатып, әдебиеттің қайнарынан білім беру қажырлы еңбекті талап етеді. Ал біз даярлаған мамандар сол сенімнің биігінен көріне білуде.
Алаштың асыл перзенті, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың “Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі” деген ұлағатты тәлімі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мәртебелі мамандықтардың бірі деп сенімді түрде айта аламыз. Тіл маманы болуды мақсат тұтқан мектеп түлектері біздің студенттердің қатарын толықтырып жатса, біз олардың жақсы ұстаз болуына жол сілтеуге дайынбыз.
Бибігүл АҚМАҒАМБЕТОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты.