Дәрігерлік – қастерлі мамандық. Өмірімді жауапкершілігі мол, атқаратын жұмысы ауқымды, қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды саламен байланыстыру туралы шешім қабылдауда көп ойланған жоқпын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде болашақ мамандығым жайлы шығарма жазған сайын өзімді мақсатыма бір табан жақындай түскендей сезінетінмін. Күн сайын ақ халатты абзал жандарға деген құрметім де, дәрігер атануға құштарлығым да арта түсті.

Сол сәттен бастап адам жа-нының арашашысы атанамын деген арман, мақсат санамда мықтап орнықты. Ата-анам экономика, қаржы мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Бұл салаға қатыстары болмаса да, тілегімді қолдап, қолдарынан келген көмектерін аямады. Мектепте биология пәнін қызыға оқып, облыстық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, білімімді сынадым. Арман қуып Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетке оқуға түсу туралы шешім қабылдадым. Жеті жылда жоғары оқу орнында ғылыми конференцияларға белсене қатысып, тәжірибелі мамандардың дәрісін тыңдауға мүмкіндік туса, қалт жібермейтінмін. Дәрігер мамандығын меңгергеннен кейін алдыма туған жерге қайтып ора-лып, өңірдің дамуына атсалыссам деген мақсат қойдым. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында өзім туып-өскен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық орталық ауруханаға жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызметке орналастым. Жас мамандарды қолдауға бағытталған бағдарлама бойынша 3 млн. 750 мың теңгеге тұрғын үй үшін бюджеттік несие ресімдеп, 250 мың теңге көтермеақы алдым.
Жастарды ауылда жұмыс істеуге ынталандыруда “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасының көмегі зор. Өткен жылы осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елді мекендердің дамуына атсалысуды мақсат тұтқан тоғыз жас маман ауруханамыздағы қызметкерлер қатарын толықтырды. Ойға түйгенім – бұл мамандыққа ешкім кездейсоқ келмейді екен. Өйткені, нағыз дәрігер дегеніміз науқасты тек дәрі-дәрмекпен емес, сөзімен де емдейді.
Ауруханамызда қазіргі заман талабына сай барлық бөлімдер мен бөлмелер қажетті құралдармен жабдықталғанын да айта кеткеніміз жөн. Қызметіме білек сыбана кірісіп, барлық ынта-ықыласымды қойғаныммен, бұл істе тәжірибе аса маңызды. Осы ретте бар білгенін аямай, өмірлік жиған-терген тәжірибесімен бөліскен ұстаздарымның еңбегі зор.
Негізгі қызметімнен бөлек алдыма қойған мақсаттарымның бірі – қоғамдық жұмыстарға араласу, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосу. Қызметіме біршама үйренгеннен кейін осы бағытта да бағымды сынап, “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының кадрлық резервіне қабылдандым. Мұқтаж жандарға, көпбалалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардың балаларын үнемі назарымызда ұстап, қолдау көрсетуге тиіспіз деп ойлаймын. Сондықтан Жаңа жыл, Наурыз, тағы басқа мерекелерге орай бүлдіршіндерді қуанту мақсатында оларға тәттілер, азық-түлік әзірлеп, таратқанды жөн санаймын. Олар-дың қуанышы, күлкісі мен шынайы алғысы мені одан әрі жақсылық жасап, мейірімді болуға ынталандырады.
“Саулық – байлық негізі” демекші, науқастанған адам дәрігерге жүгініп, денсаулығын, тіпті, өмірін де бізге сеніп тапсырады. Ал біздің еңбегіміздің басты өтеуі – құлан-таза айыққан науқастарымыздың алғысын алу. Сондықтан адам өмірінің арашашысы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға, осы киелі мамандыққа деген құрмет қашанда биік болуы тиіс деп ойлаймын.
Әйгерім БАЙЛИНА,
аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.