Бүгіндері барша әлем жұртшылығы осынау мәртебелі мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып отыр. Себебі жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен-күнге үдеп, сан мыңдаған адамның өмірін жалмады. Қарусыз майданда алдыңғы шепте адам жанының арашашысы болып жүргендердің еңбегі орасан.
Қазіргі уақытта қауіпті кеселге шалдыққандарға жедел түрде көмек көрсетіп, жанкештілікпен жұмыс істеп жүрген денсаулық сақшыларына күллі әлем сенім артып отыр. Бір ай бұрын мен де коронавируспен ауырдым. Жыл сайын көктем мен күз айларында демікпем асқынатын. Бұл жолы да осы ауру қайта күшіне енген екен деген ойда болдым. Алайда дене қызуым 38 градустан түспеген соң, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Алғашында тапсырған тест “COVID-19” инфекциясы жоқ екенін көрсетті. Кейін жөтелім басылмағандықтан қайта зертханалық сынама алынып, ағзамда вирустың барын анықтады. Бірден №3 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызды. Тынысым тарылып, талып қалыппын. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы медициналық көмек көрсетілмесе, о дүниеге аттанып кетуім де мүмкін екен. Қырағы денсаулық сақшыларының арқасында аман қалдым. Оларға айтар алғысым шексіз. Әсіресе №3 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесінің ұжымына, медицина қызметкерлеріне қолұшын созып жүрген еріктілерге мың да бір рақмет!
Қайыржан СӘЛІКОВ,
зейнеткер.