«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘРТЕБЕЛІ МӘРТ АҒА

Тәңір тұла бойына біткен қасиетінен есімін ажырағысыз етіп жаратқан адамдар болады ғой. Марқұм, өмірден озғанына бүгін қырық күн болған Мырзатай Баймақанов ағамыз осындай жан еді. “Мырза” десе, мырза, көңілі мәрт, жаны жомарт жайсаң ағаның жүзі көңілден өшер, көзден кетер емес.

Өмірдің небір бұралаң, қиын-қыстау күндерінің ащы дәмін бұғанасы бекімей тұрып татып, әуелі балдырған шағында анасынан, бозбала күнінде әкесінен айрылған Мырзатай жасымай, жігерін жанып, қайсарлана күн кешті.

Қазақтың “Жетім қозы тасбауыр, жайылар да отығар” деген сөзіне Мырзекеңнің мінезі кереғар. Тағдырдың тауқыметін тартса да, тасбауырлық оған жат еді. Ол адамға өте жақын болды, ізгіліктіні ілкіден танитын. Соның арқасында өзі туған Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылынан, ешбір ет жақын туысы болмаса да Петропавлға келіп, “Молотов” атындағы зауытқа токарь болып орналасады.

1962 жылы, отыз екі жасында коммунистік партияға қабылданады. Ол кездері оза шауып, бәйге алған қазақ жұмысшы жастары саусақпен санарлықтай еді. Зауыттың бес мыңға тарта ұжымында жалғыз қазақ жігіті Мырзатай Баймақановтың жұлдызы жанып, еңбектің көрігін қыздырған кездері жайында тілшілер қауымы жеріне жеткізе жазған.

Ол қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болды, төрт мәрте қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. КОКП ХХІІІ съезіне делегат болып қатысып, облыстың ғана емес, Қазақстанның жұмысшы табының үздіктерінің қатарынан табылды.

Сәбит Мұқановпен, Қазақстан коммунистерінің басшысы Дінмұхаммед Қонаевпен кездескен. Сәбең өңір өндірісшілерінің үздіктерінің бірі Мырзатай інісі туралы сүйсіне қалам тербегені белгілі. Жазушы өзі сынды жетім баланың атпал азамат болып жетіліп, өмір жолында адаспай, баянды биікке көтерілгенін шығармасына арқау етті.

Мырзекең атқарушы механизмдер зауытында табаны күректей 45 жыл жұмыс істеп, 1989 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан еді. Осы жылдарда “Еңбек Қызыл Ту”, үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” ордендерімен марапатталды. “Қазақстанның өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер” төсбелгісін иеленді.

Ардагер ағамыз зейнетке шыққанда да өзіне тән іскерлік, табандылық қасиетінен айнымай, өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыспен айналысты, жастарға ақыл-кеңес беріп, ағалық, аталық мәрттік танытты. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының жұмысына белсенділікпен араласты.

“Қазақ тілі” қоғамының жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі болып, туған тіл, ата-дәстүр, ұлттық мәдениет төңірегінде біршама күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосты. Бұл ретте өңірімізге танымал өндірісші ретінде сөзінің өтімділігімен, өнегесімен көзге түсті.

“Өмірден кім өткенін білесің бе?” демекші, Мырзекең де аттанған ағаларының артынан келмес сапарға жол тартты. Алайда, ізгі адамның нұрлы ісі оның атын өшірмейтінін айғақтап аттанды осы сапарға.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp