Тәуелсіздік – мен үшін қастерлі ұғым. Азаттық жолында талай нәубет жылдарды бастан өткердік. Біздің ата-бабаларымыз да сан ғасырлар бойы жерімізді қызғыштай қорғап, азаттық үшін күресті. Ер басына күн туып, етігімен су кешкен заманның бірі – екінші дүниежүзілік соғыс. Елімізді неміс басқыншыларынан азат етуге біз де бір адамдай жұмылдық.
Мен 1925 жылы дүниеге келдім. Біздің балалық шағымыз қиын күндермен тұспа-тұс келді. Ашаршылық нәубетіне куә болдым. Қасіретті кезеңде әке-шешемізбен көрші орыс ауылына қоныс аударып, жан сақтадық. Кейін жетіжылдық мектепті тамамдаған соң ұжымшарда бұғанасы қатпаған мен сияқты балалар еңбектің ауыр қамытын киді. Қателеспесем, сол кезде біздің жасымыз оннан енді асқан еді. Бір үйдің тұңғышы болған соң үлкендермен бірге бел жазбай таңның атысы, күннің батысы еңбек еттік. Шаруаны ұршықша иіріп, тапсырылған істі бұлжытпай орындауға тырыстық. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетті. Әскер қатарына шақыру қағазын алып, 1943 жылы 17 жасымда ер-азаматтармен бірге майданға аттандым.
Бір жыл әскери даярлықтан өттік. Екінші Украина майданында маршал Малиновский басқарған Армия құрамында соғыстым. Украинаны неміс басқыншыларынан азат етіп, Еуропаға бет алдық. Венгрияның астанасы – Будапешті жаудан азат ету үшін үш ай бойы соғыстық. Чехословакияны басып өтіп, соңғы қала Венаға табан тіредік. Бұл 1945 жылдың сәуір айының соңы болатын. Венаны фашистерден босатып, екі-үш күн дамылдадық. Ал сәуірдің 30-ы күні Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туы тігіліп, соғыстың аяқталғаны жайлы сүйінші хабарды естідік.
Мұнда бір ай бойы Жеңіс шеруіне дайындалдық. Сол кезеңдегі біздің қуанышымызды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тағы үш жыл әскери борышымды өтеуге қалып, 1948 жылы ғана елге оралдым. Туған жерге деген шексіз құрмет пен сағынышты жырақта жүргенде айрықша сезіндім.
Адамның көкірек көзі ашық болса, білімге деген құштарлығы да зор болмақ. Оқу-білімге ұмтылыс жасап, ұстаз болуды алдыма мақсат еттім. Сөйтіп, Петропавл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болатын. 1953 жылы оқуды тамамдап, Преснов ауданының Орталық ауылындағы мектепке жұмысқа орналастым. Сол жерде табан аудармай 32 жыл еңбек етіп, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында құрметті еңбек демалысына шықтым.
Құдай қосқан қосағым Айша Сағындыққызы екеуіміз тоғыз ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Балаларым да ағартушылық қызметті таңдап, ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапты. Қазір 25 немерем, сонша шөберем бар. Немерелерімнің бірі – Бахтияр Қожатаев “Vino Astana Motors” велоклубының менеджері болып қызмет істейді. Басқалары да өмірден өз орындарын тапты. Құдайға шүкір, бақыттымын. Маған бұдан артық не керек?! Адам ұрпағымен көрікті, еліміздің дамуына немерелерімнің де үлес қосуы менің жүрегімді тебірентеді, көңілімді өсіреді.
Қуатты елге айналған Қазақстанда оқимын, еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еңсердік. Халықтың тұрмыс-тіршілігі түзелді. Білім, ғылым, өндіріс, экономика дамуда. Мұның барлығына азаттықтың арқасында қол жеткізудеміз. Қос ғасырдың куәсі ретінде ұрпағыма әрқашан Тәуелсіздіктің қадірін білу қажет екенін айтып отырамын. Өйткені, азаттықтан асқан құндылық жоқ. Жастар тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, егемен елімізді бұдан да табысты мемлекетке айналдыруы тиіс.
Қазір менің жасым 95-те. Ағарып атқан әр таңда халқымның тыныштығын, ұрпағымның амандығын тілеймін. Еліміздегі бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман мәңгілік болса екен.
Қожатай НЕКІБАЕВ,
Ұлы Отан
соғысының ардагері.