Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында экономика мен саясат, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларын дамыту бойынша ел алдында тұрған нақты міндеттерді белгіледі. Президент маңызды құжатта мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудың “Қоғамдық келісімді нығайту” деп аталған бағытында: “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек”, – деп мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жолында әлі де тынбай еңбек ету керектігін атап көрсетті. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде мемлекеттік тілді дамыту бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Біздің ендігі жұмысымыз Жолдауда айқындалған міндеттер негізінде жүзеге асырылмақ.
“Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері” ұлттық стандарттарына сәйкес биыл тілдерді оқыту орталығындағы 140 топта облыс тұрғындары білім алуда. Қазақ тілін үйренуге ниеттілер қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2016 жылы мұнда 2004 адам дәріс алса, биыл олардың саны 3 мыңға жуықтаған.
Жыл сайын облысымызда Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің қатысуымен “Қазтест” жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін диагностикалық тестілеу өткізіледі. Оқу жылының қорытындысы бойынша тестілеу сынағына 1981 адам қатысып, оның 156-сы сертификатқа ие болды. Маусым айында тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары, мемлекеттік, азаматтық қызметшілер, жалпы 198 адам білімдерін тексеріп, олардың 116-сына мемлекеттік тілді лайықты меңгерді деген сертификат табыстадық. Ал қараша айында бұл орталықта 200-ден астам адам тіл үйренетін болады.
Өңірімізде тілдерді деңгейлеп меңгертудің халықаралық стандарты негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған шарамен облысымыздың барлық 499 мектепке дейінгі ұйымы мен 500-ге жуық жалпы білім беретін мектебі қамтылған. Осындай қадам мемлекеттік тілмен қатар ағылшыншаны меңгерген тұрғындар қатарын арттыруға септігін тигізеді.
2019 жылдың бірінші жартысында қазақ тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 53 пайызды құрады. Ал ағылшын тілін меңгергендер қатары 18,7 пайызға жетті. Үш тілді меңгергендер 13,8 пайыз. Өткен алты айдың ішінде өңірімізде мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 95 пайызға жеткені де бұл бағыттағы жұмыстың тиімді жүргізіліп отырғанын айғақтайды.
Алдағы уақытта тұрғындар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және кеңінен насихаттауға бағытталған алты жоба іске асырылатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 27 өкімімен 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру, оны қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолдану бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл 960 адамды қамтыған 3 республикалық және 6 облыстық оқыту семинарында жаңа емле ережелерін қолдану әдістемесі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мысалы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Latyn grafıkasyndaǵy qazaq tiliniń emle erejesi jáne oqytý ádistemesi” атты республикалық семинар өткiзiлдi. Семинарда қазақ әлiпбиiн латын графикасына көшiру жөнiндегi Ұлттық комиссияның мүшелерi, республикамыздың танымал тiлшi-ғалымдары сөз сөйледi. Шараға қала, аудан әкiмдерiнiң әлеуметтiк сала бойынша орынбасарлары, мәдениет және тiлдердi дамыту, бiлiм бөлiмдерiнiң басшылары, Петропавл қаласындағы бiлiм беру мекемелерiнiң директорлары мен қызметкерлерi, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары, педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру институтының, тiлдердi оқыту орталығының өкiлдерi қатысты. Шараға арнайы шақырылған елiмiздiң белгiлi ғалымдары жиын барысында қатысушылардың қазақ тiлiнiң жаңа емлесiне қатысты толғандырған сұрақтарына жауап бердi. Сонымен қатар латын графикасына ауысу жөніндегі өз ойларымен бөлiстi. Аудандарда мемлекеттік тілде іс жүргізуге жауапты мамандар мен қазақ тілі мұғалімдеріне арналған “Жаңа емлені оқыту әдістемесі” тақырыбында семинар-практикумдар ұйымдастырылғанын да атап өтпеске болмас.
Тамыз айында тілдерді оқыту орталығында латын графикасында әзірленген клавиатуралар апробациядан өткізілді. Ал қыркүйектің 3-інен өңірімізде 24 сағаттық латын графикасын үйрету курсы басталды, оған барлығы 500 адам қатысады деп жоспарлануда.
Биыл ономастика саласында да біраз іс атқарылды. Облыстық ономастика комиссиясының отырысында Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында алты көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс қаралды. Мамыр айында өткен осындай кезекті отырыста облысымыздың кейбір білім, мәдениет және спорт ұйымдарына атау беру және оларды қайта атау туралы сөз қозғалды. Мысалы, “Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешеніне Ермек Серкебаевтың, №24 орта мектепке Мәті Құсайыновтың, облыстық филармонияға Ақан серінің, бокстан олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Камиль Сафиннің есімін беру жөніндегі ұсыныстар бүгінде қарастырылуда. Бұдан бөлек, Новоникольск орта мектебі Геннадий Зенченко атындағы орта мектеп болып өзгертілуі мүмкін. №4 Булаево орта мектебіне Мағжан Жұмабаевтың, Преснов жалпы орта білім беру мектебіне Қожаберген жыраудың есімін беру мәселесі де алдағы уақыттың еншісінде.
Бүгінгі күні облыстық ономастика комиссиясында Қызылжар, Есіл, Айыртау, Аққайың және Тайынша аудандарындағы елді мекендердегі көшелерді қайта атау туралы 60-қа жуық ұсыныс тіркелген. Алайда, Президент Әкімшілігінің 2018 жылғы 12 қарашадағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес комиссияның жұмысы уақытша тоқтатылуына байланысты аталған ұсыныстарды қарастыру мүмкін болмай отыр.
Басқарма қызметкерлері ойын-сауық, сауда, қызмет көрсету орындарындағы көрнекі ақпаратты “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Заңның 19, 21- баптарының талаптарына сәйкестендіру бойынша рейдтер өткізді. Оның барысында маңдайшаларды, жарнамаларды, клиенттерге арналған мәліметтерді дұрыс жазбаған кәсіпорындар басшыларына заң бұзушылықтарды және қазақ тіліндегі мәтіндерде кеткен грамматикалық қателерді жою бойынша ұсынымдар жөнелтілді. Көрнекі ақпаратты тіл саясатына сәйкестендіру мақсатында биыл облыс орталығының 180-нен астам сауда және тұрғындарға қызмет көрсету нысандарына әдістемелік көмек беріліп, 200-ге жуық эскиз келісілді.
Кемел ОСПАНОВ,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы.