«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘРТЕБЕСІ ҚАЛА БОЛҒАНЫМЕН, МӘСЕЛЕСІ ШАШ-ЕТЕКТЕН

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елімізде аудандық маңызы бар 48 шағын қала есепке алынған, бірақ олардың үштен бірі бұл өлшемге сәйкес келмейді. Өйткені мұндай мәртебеге ие болудың басты шарты – халық санының 10 мыңнан кем болмауы және де тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру деңгейі белгілі сапалық талаптарға жауап беруі тиіс. Өңірімізде бұл санатқа төрт шағын қала кіреді. Ұлттық экономика министрлігі жариялаған тізімге сүйенсек, Сергеевка, Булаево және Мамлютка қала мәртебесінен айрылып, елді мекенге жатқызылуы мүмкін. Себептеріне қысқаша тоқтала кетейік.

Сергеевканың тарихы әріден баста­лады. Іргетасы 1899 жылы қаланса да, 1961 жылға дейін қатардағы елді мекен ретінде ғана танылып келген. Тек гид­роэлектростанция, су қоймасы, сияқты бүкілодақтық маңызды құрылыстардың салынуы арқасында қоныстанушылар саны күрт артып, он мыңнан асып жы­ғылған. Ал 1999 жылғы санақ қорытын­дысында жеті мыңға дейін төмендеп кеткен. Халық санының кемуіне өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың айтарлық­тай әсер еткені байқалады. Әсіресе темір-бетон, азотты-оттекті, құрғақ сүт, нан-тоқаш өнімдері сықылды өңдеуші кәсіпорындардың жабылуы салдары­нан жұмыс орындары күрт қысқарып, жұмыссыз қалған адамдар тұрмысқа жайлы жер іздеп, үдере көшкен. Бүгінде қаладағы 50 көпқабатты үйдің 20-сы ғана жылыту жүйесіне қосылған. Күн суытқанда пеш жағу, көшедегі құбыр­дан су тасу жұртшылық үшін таңсық емес. Мүмкіндігі барлары тіршілік көзін үйлеріне дейін тартып, аристон, бойлер орнатып алған. Оған екінің бірінің қаржылық шамасы жете бермесі анық.

«Қалада тұрамыз деген атымыз бол­маса, ауылдан еш айырмашылығы жоқ. Ауыл мәртебесі қайтарылса, мемле­кеттік артықшылықтарға ие болар едік. Көптеген жеңілдіктерден айрылып отырмыз. Бәрінен де жас мамандардың тұрақтауы өте қиын. Халықтың дені бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді, сауда-саттықпен айналысады. Ірі өндіріс орындары жоққа тән. Мұғалім, дәрігер, басқа сала мамандары тап­шы»,– деді Шал ақын аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Тұрар Ораза­лин.

Булаево мен Мамлютканың да жағ­дайы осыған ұқсас. Тұрғындар саны да, әлеуметтік-экономикалық даму көр­сеткіштері де деңгейлес.

Қазақстандағы моно және шағын қалалардың ерекшеліктері мен үрдіс­терін, олардың елдің демографиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін зерттеумен шұғылданып жүрген Ш. Уәлиханов атындағы тарих және эт­нология институты жергілікті филиа­лының директоры, тарих ғылымдары­ның кандидаты Нұрболат Әбуовтың айтуынша, шағын қалалар инфрақұры­лымдардың тозуы, жалақының аздығы, өмір сүру сапасының төмендігі, жаңа жұмыс орындарының ашылмауы сияқ­ты созылмалы, қайталанбалы пробле­маларға тап болып отырғандықтан, жо­ғары биліктің белсенді қолдауы ауадай қажет.

– Бұрындары қолданыстағы заңнама­да қала мәртебесін өзге елді мекендерге ауыстыру механизмі қарастырылмай, өз­герістерге бөгесін болып келгені жасырын емес. 2020 жылы Парламент Мәжілісі де­путаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңға түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданды. Ол бойынша елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаттары нақтыланды. Енді жедел іске кірісу ғана қалды,–деген ға­лымның сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Бұл мәселе жөнінде белгілі журна­лист, экс-мәжілісмен Кәрібай Мұсыр­ман да бірнеше рет қалам тартып, да­был қаққан болатын.

Жоғарыдағы заңның күшіне енгені­не бес жылға жуық уақыт өтсе де, қос өкпеден қысқан өзекті жайттың не се­бепті асқынған аурудай созылып кет­кенін білмек оймен облыстық эконо­мика басқармасы инновациялық сая­сат бөлімінің жетекшісі Татьяна Дол­гихпен хабарласқан едік.

«Заңда жазылғандай, аудандық ма­ңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммунал­дық шаруашылық, мемлекеттік тұрғын үй қоры, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, мәдени-ағарту және сауда объектілерінің дамыған желісі бар, халқының саны кемінде 10 мың адам болатын елді мекендер жата­ды. Үш шағын қаланың мәртебесіне өз­герістің қажеттілігі жан-жақты екше­леніп, зерттелген, еш талас тудырмай­ды», – деді Татьяна Николаевна. Осы жерде «онда не қолбайлау болып отыр?» – деген заңды сауал туындайды.

Татьяна Долгихтің айтуынша, біріншіден, заңнамалық тұрғыдан әзір­ленген мемлекеттік және әлеуметтік қолдау стандарттарын кезең-кезеңмен жүзеге асыру белгіленген. Онда қала болмаса ауыл мәртебесін берудің көр­сеткіштері толық көрсетіледі. Соған орай бюджет белгіленеді. Стандарттық жүйенің іске қосылғанына – екі жыл ғана. Екіншіден, бірінші кезекте жергілікті аумақ тұрғындары пікірі ес­керіледі. Қала әкімі өкілді органмен бірлесе отырып, ауылды елді мекен ретінде қайта құру туралы ұсынысты облыстық мәслихат пен әкімдікке, қол­дау тапса, одан әрі Үкіметке жолдайды. Содан кейін Мемлекет басшысына тиісті ұсыным енгізіледі. Ал Булаевоға ауыл мәртебесін беру туралы тұрғындар жиынының шешімі облыстық әкімдік тарапынан қолдау тапты.

–Мәселенің өңірлік деңгейде оң шешілгеніне қуаныштымыз. Аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі берілсе, ауылдарда еңбек ететін денсау­лық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт салаларындағы қызметкерлердің жалақысына 25 па­йыздық үстеме қосылады. Екіншіден, мектеп түлектеріне оқуға түсу үшін қа­былдау квотасы қарастырылады. Үшіншіден, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандарға қолдау көрсетіледі, яғни оларға көтерме жәрдемақы мен баспана алуға бюд­жеттік несие беріледі. Санамалай берсе, артықшылықтар көп»,–деді Булаево қаласының әкімі Азамат Бірімжанов.

Сергеевка қаласының әкімдігімен хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтерген мамандар 2024 жылы ұсыныс­тың жергілікті мәслихатқа жіберілгенін айтумен ғана шектелді.

Облыстық экономика басқармасы­нан мамлюттіктер ауыл мәртебесін алуға қарсы болыпты деген ақпаратты алысымен қала әкімі Асқар Оразали­новке хабарластық.

– Шынын айтсам, мәселеден хабар­сызбын. Анықтайын, сосын сізбен ха­барласамын, – деген Асқар Кеңесұлы содан ізім-қайым жоғалды.

Оның әкім бола тұра өзекті тақы­рыпқа мойын бұрмауы таң қалдырды. Бүгінде шекаралық аумақта орналасқан Мамлютка тұрғындарының саны – бар- жоғы 6800. Ірі кәсіпорындардан ұн үгу комбинаты ғана жұмыс істеп тұр. Үй шаруашылықтарының 53,5 пайызы баспананы көмірмен жылытады, 30,7 пайызы суды сырттан тасиды. Осындай әлеуметтік теңсіздіктер салдарынан соңғы ширек ғасыр ішінде тұрғындар­дың саны 24,7 пайызға дейін кеміп кет­кен. Мұнда да бюджет қызметкерлері үстемеақылар мен артықшылықтардан сырт қалған. Кадр тұрақсыздығы – «бас ауруларының» бірі.

Экономика басқармасының мәлім­деуінше, қала мәртебесі берілетін ауылдар саны да артпақ. Бұл мәртебеге өңірден тұрғындар саны 10 мың меже­ден әлдеқашан асып кеткен Бескөл мен Новоишим кенттері ілігіп тұр. Деген­мен бескөлдіктер кентке қала мәрте­бесінің берілуіне үзілді-кесілді қарсы.

– Басшылар алдымен бюджет қазы­насын толтырудың, ол үшін шағын өндірісті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын құрудың, өнімдерді қал­дықсыз өңдеудің жолдарын ойластыр­ғандары жөн. Басты мәселе қаржылан­дыруға келіп тіреледі. Осы жағы дұрыс реттелсе, тұрмыс та, инфрақұрылым да жақсарады. Әйтпесе, қала мәртебесін бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Қайта ұтыламыз, көптеген жеңілдіктерден ай­рылып қаламыз. Бұл – жеті рет өлшеп, бір рет кесетін келелі мәселе. Мәртебе­ге сәйкестігі кешенді түрде анықталып, соңғы сөзді тұрғындар айтуы тиіс»,– деді академик-ғалым Аяз Рамазанов.

Болашағы бұлыңғыр шағын қала­ларға ауыл мәртебесін тезірек беретін уақыт жетті. Оған ешқандай кедергі жоқ. Жетіспей тұрғаны – шағын қала басшыларының жұртшылықтың тала­бына жеткілікті түрде көңіл бөлмеуі мен патриоттық ерік-жігері. Ал қала атануы тиіс ауылдардың осы мәртебеге лайық болуы тағы да басшылардың іс­керлігіне байланысты. Себебі бұрын­ғыдай мемлекеттің бюджетіне иек арт­пай, қала ретінде өзін-өзі асырауға даяр болуы қажет.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltustik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp