
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жолы қабылдауға тоғыз адам келді. Әр адамның талап-тілектерін мұқият тыңдаған Ерік Хамзаұлы өтініштердің барлығының шешімін табуына жәрдемдесетіндігін атап көрсетті.
Наталья Корсакова-Римскаяның жасы қазір алпыс төртте. Қырық жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған. Оның біразы облыс орталығындағы өнер мектебінде өткен. Осы аралықта ардагер ұстаздың көкейіне түйгені, педагогика саласына қажеті болар-ау деп жиған материалдары да аз емес. Ендігі мақсаты – соны құрастырып, бір оқулық қылып шығару. Алғашқы данасы да әзір. Алайда, таралымын арттыруға қаржы қолбайлау болғандықтан, жәрдем сұрап келген. Мәселенің мәнісінен құлағдар болған Ерік Сұлтанов оны шешу жолдарын қарастыруды қала әкімі Марат Тасмағанбетовке тапсырды.
Қабылдауға екінші болып кірген қала тұрғыны Берік Бекмағанбетов. Бұл азамат осыдан екі жыл бұрын Петропавлда 39 орынға шақталған жекеменшік балабақша ашуды қолға алған. Негізгі жұмыстары аяқталған. Алайда, нысанды толығымен іске қосуда қаржы тапшылығына тап болыпты.
Бастаманың дұрыс екендігін қолдаған Ерік Хамзаұлы балабақшаны уақыт ұзатпай, іске қосу керектігін айтып, қаржы мәселесінің шешу жолдарын қаңтар айында қарастыруға уәде берді.
Келер жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толмақ. Айтулы датаға орай қала тұрғыны, зейнеткер Кемел Асқаров Ресей Федерациясының Псков облысына баруды жоспарлапты. Майданда көз жұмған әкесі сол жақтағы бауырластар зиратына жерленген. Жол қашық әрі барып-қайтуға қаржы қажет. Қарияның мәселесінен қанық болған облыс әкімі ақшалай көмек көрсетуді қалалық ардагерлер кеңесіне жүктейтіндігін айтты.
Ал үшінші топтағы мүгедек Дмитрий Васильевті толғандырған баспана мәселесі. 2002 жылы пәтер кезегіне тұрған. Алайда, тізімнен алынып тасталыпты. Өз шаңырағы болмағандықтан, бүгінде отбасымен туыстарының үйінде тұруға мәжбүр. Он адам паналаған үй небәрі бір бөлмелі. Партия филиалының төрағасы мәселенің ақ-қарасын анықтап, өтініш иесінің сауалына жауап қайтаруды қала әкіміне тапсырды.
Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны Зурәш Қожиеваның да мәселесі баспанаға қатысты. Үйі отқа оранып, далада қалған соң аталмыш аудан әкімдігі оған уақытша пәтер берген. Келер жазда зейнеткер оны босатуы керек. Бірақ зейнеткердің басқа барар жері жоқ.
Мәселеге қаныққан Ерік Хамзаұлы даудың шешімін табуды Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековке жүктеді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.