
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тұрғындармен қорытынды бесінші есепті кездесуі өтіп, оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Шаһар басшысы, ең алдымен, тұрғындарды өткен жылы атқарылған жұмыстардан құлағдар етіп, маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстарына тоқталды. 2015 жылғы қаланың даму қорытындысын тілге тиек еткен қала әкімі алда атқарар жоспарларымен де бөлісті.
Бұдан соң петропавлдықтардан түскен жазбаша жиырмаға жуық өтінішке жауап берген Марат Иманбайұлының айтуынша, биылғы есепті кездесулер барысында тікелей телефон және электронды пошта арқылы петропавлдықтардан 300-ден астам сұрақ, ұсыныс және тілек келіп түскен. Қала басшысы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелер үстіміздегі жылы шешілетіндігін хабарлады.
Қала әкімінің қорытынды кездесуіне жиналған тұрғындар өз өтініштерін ауызша да жеткізді. Айталық, “Надежда” қоғамдық ұйымының өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға бағытталған заманауи орталық салу қажеттігін айтты. Қазір Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында мұндай орталық бар. Бірақ ондағы жатын орындар келушілерге аздық ететін көрінеді. Сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді.
“Каштан” саяжай қоғамы өкілдері электр шамдарын орнату мен жолды тегістеуді сұрады. Бұған жауап берген қала әкімі аталмыш мәселелерді шешу үшін 3,5 миллион теңге қаражат қажет екендігін хабарлап, үстіміздегі жылдың жоспарына енгізілетіндігін айтты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.