«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатымен Қызылжар өңіріне келген Парламент Мәжілісінің “Нұр Отан” партиясынан сайланған депутаттары партияның облыстық филиалында жергілікті мәслихаттардағы әріптестерімен кездесті.

Кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов ашып, Мәжілістің бір топ депутаттарын бастап келген Серікжан Қанаевқа сөз берді. “Еліміз әлемде әлі жалғасып жатқан экономикалық дағдарысқа қарамастан, өз алдына өршіл мақсаттар қойып отыр. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының жуырда болған ХХІ сессиясында тағы бір мәрте атап айтқанындай, ортақ табысымыздың кепілі – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау. Қазір халқымыздың ынтымақ пен бірлігіне сына қағып, іріткі салу мақсатын көздейтін кейбір саяси күштер сырттан арандату әрекеттеріне барып отырған жағдайда біз өте сақ болуымыз керек”, – деп әңгіме бастаған Серікжан Зиаданұлы жергілікті мәслихаттардың депутаттарын ашық пікір алысуға шақырды.

Бірінші болып белсенділік танытып, облыстық мәслихаттың құзыретіне берілген елді мекендерді көркейту ережесінің бірнеше жылдан бері қабылданбай жатқанын және көшедегі жарнаманың да көсегесі көгермей тұрғанын сынаған Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Александр Казанцев Серікжан Қанаевтың: “Сіздер қаладан сайланған облыстық мәслихат депутаттарымен осы мәселелер жөнінде неге бірлесіп жұмыс жүргізбейсіздер?” – деген қарсы сауал-жауабына ләм дей алмады. Ал А.Казанцевтің жергілікті энергетиктердің тұтынушылардан алдын ала төлем жасауды талап ететіні және жылу ақысын уақтылы төлемегендерді электр қуатынан ажыратып тастайтындығы жөнінде айтқан сынын қаперге алған мәжілісмендер оны алдағы уақытта зерттеп, өздерінің заңшығарушылық жұмыстарында ескеруге уәде берді. Облыс орталығындағы жол белгілерінің орынды-орынсыздығы туралы сұрақ қойған қалалық мәслихат депутаты Аслан Сатин Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтен: “Бұл мәселенің анық-қанығын білгілеріңіз келсе, қалалық мәслихаттың сессиясына Әкімшілік полициясы басқармасының басшыларын шақыруларыңызға болады ғой…” деген көкейге қонымды жауап естіді…

Облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Мәмбетов мәжілісмендер назарын ауылдық жерлерде мал өсірумен айналысқысы келетін шағын және орта бизнес өкілдерінің қолданыстағы Экологиялық кодекске сәйкес рұқсат қағазын алуы өте қиын екендігіне және бұл үдерісті жеңілдетпейінше, мал шаруашылығын алға бастыру оңайға соқпайтындығына аударды.

 

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp