Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығымен бірлесіп барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары” тақырыбында “дөңгелек үстел” өткізді.
“Дөңгелек үстел” жұмысына мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, балабақшалардың әдіскерлері мен қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері және ардагер-ұстаздар қатысты. Шара барысында “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру және оқу-тәрбие үдерісіне енгізу туралы тәжірибе алмасылып, ұлттық идеяның негізгі құндылықтары сөз болды. Ұстаздардың кәсіби құзыретін арттыру бойынша мәселелер талқыланып, қисынды ойлар ортаға салынды.
Жұмыс барысында облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Летучая өңіріміздегі білім беру ұйымдарында “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімелеп берді. Одан кейін сөз алған “Батыр” балабақшасының тәрбиешісі Ғанижамал Шамшуменова “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы балғындардың пәндік-дамыту ортасын құру арқылы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Бірінші гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекон Абдульманова, құрылыс-экономикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алма Сәдуақасова жалпы білім беретін ұйымдар мен колледждерде “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы негізінде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жұмыстарының тәжірибесін ортаға салды.
Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Айнұр Сүйіндікова балғындар арасында өткізген “Мәңгілік Ел” балалардың көзімен” атты шағын зерттеуіне талдау жасаса, Нұрлан Садықов “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын жүзеге асырудағы мектеп мұғалімдерінің рөліне тоқталды.
Жұмыс қорытындысында білім беру ұйымдарында “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде жоғары тәрбие алған, бірнеше тілді меңгерген, еліне адал қызмет ететін тұлғаны қалыптастыру бойынша ұсыныс қабылданды.
Айтбибі ӨРКЕШОВА,
білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының
аға әдіскері.