«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘҢГІЛІК ЕЛ – ҰЛЫ МҰРАТ

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өткен салтанатты жиындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі маған ерекше әсер етті. Елбасы Қазақ хандығының кешегі тарихы Қазақстанның қазіргі тәуелсіздігінің түптамыры екенін баса айтты.

Елбасының: “Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын! Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын!” – деген сөздері біздің өмірлік ұранымыз болу керек деп ойлаймын.

Қазақ хандығына бес жарым ғасыр десек, оның табиғи негізі және іргетасы болған дала өркениетіне – 3 мың жыл. Бұл – жойқын жаугершіліктер, бірінің орнын бірі басқан ұлт-ұлыс, мемлекеттер, көз жауын алған зергерлік жәдігерлер, сына жазулар, алыс-беріс сауда-саттық, Ұлы Жібек жолы, елшіліктер, тілдер мен діндер, салт-дәстүр, жырлар, шешендік пен көсемдік, батырлық пен ақындық…

Елбасының ұсынысымен жүзеге асқан “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Қазақ хандығына қажымас қажыр-қайрат, мұқалмас ерлік-жігер, намыс, асқақ рух пен рухани дәулет тән болғанына көз жеткізіп отырмыз.

Сәуле МӘЛІКОВА,

 Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp