Ұлтымыздың ұлы бағдары – “Қазақстан – 2050” Стратегиясының түп қазығы етіп алынған “Мәңгілік Ел” ұғымының мәні өз бастауын тарихтың терең қойнауларынан алады. Бүкіл түркі халқының шаңырағы атанып отырған қара орман ел – Қазақстанның ежелгі ата-бабамыз – көк түріктердің “Мәңгілік Ел” идеясын жаңғыртып қана қоймай, ұлттық идея – ұлы бағдар етіп алуы қай жағынан болсын тарихи заңдылық.
“Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен – мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім!” – деп ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, Тәуелсіздіктің арқасында мәңгі өлмеске тірілдік. Қазақтың аспан түстес көк Туында Күннің бейнеленуі тегін емес. Күн – Мәңгілік! Көк аспан – мәңгілік!
“Мәңгілік Ел” деген не өзі? Ол – кезінде түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея. “Мәңгілік Ел” идеясын халықтың бойына сіңіргені соншалық – ол көк түріктердің қол астындағы басқа этностардың санасына толық орныққан. Кейінгі кезде империяның атауы болған “Мәңгілік Ел” заман өте этникалық терминге айналып кетті. “Мәңгілік Ел” деген сөздің ұғымы аса терең. Әл-Фараби да ол туралы өзінің “Ғажап ел” атты еңбегінде егжей-тегжейлі жазып кеткен. Мәңгілік ел бұл ғұмыры мың жылға созылып, тұғыры таймаған алдыңғы қатарлы алпауыт ел дегенді білдіреді. Бірақ ол үшін бес ерекше ұстаным болуы шарт. Олар: діннің, жанның ақыл мен ой-сананың, оның ішінде сана еркіндігінің сақталуы, нәсілдің, мал-мүліктің қорғалуы қажет. Мәңгілік ел болу үшін билік пен халықтың арасында алынбас қамал, ешкім кіре алмайтын жабық қақпа болмауы тиіс. Яғни, билік басқа әлемде, халық басқа бір әлемде ғұмыр кешпеуі қажет. Мұның басты белгісі билік өзі үшін емес, өзгелер үшін, туған халқы үшін өмір сүруі керек. Егер биліктің қарапайым халыққа рақымы мен шапағаты, халықтың оларға деген бағыныш, құрмет және сүйіспеншілігі болса, онда мұндай ел сол құндылықтар жоғалғанға дейін Мәңгілік ел болып қала бермек!
“Талпынғанға тағдыр көмектеседі” дегендей, адамзат өркениетіндегі өз орнын биіктен іздеген бүгінгі Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына ену жолында талай белестерді бағындырды. Тамыры тереңге бойлаған төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жобалар қолға алынып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне де ұйытқы бола алдық. Бүгінгі Қазақстан ғылымында басталып жатқан реформа басым бес саланы қамтиды: биотехнология, нанотехнология, атомдық технологияны дамыту, ғарышты және кен байлығын зерттеу, мұнай химиясы. “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады”, – деп Абай атамыз айтқандай, ел ғылымының болашағы – жастардың қолында. Жастардың білімі, тәжірибесі, қарымды азаматтық көзқарасы мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Біздің жастарымызға ізгілік қасиеттерді дарытуға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол.
Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді Мәңгілік ел етуді мұрат қылдық. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз Мәңгілік ел боламыз”, – деген болатын. “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын ұстану арқылы біз, пәнді жүргізуші ұстаздар, ең алдымен, тәлім алушы шәкірттер бойында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеп, оған адал қызмет ету керектігін үйретуіміз қажет. Патриоттық тәрбие – азаматтардың Отанға деген киелі сезімді қабылдауға арналған өз-өздерін дамытудың ерекше бағыты. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпэтносты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негізі. Біз бұл бағыттағы жұмысымызда қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды басты мақсат етудеміз. Сондықтан қазақстандық патриотизмнің іргетасы барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан алдындағы жалпы жауапкершілігі екенін жастар санасына берік сіңірудеміз.
Патриотизмнің қалыптасуы отбасынан бастау алады, ал Отанға деген сүйіспеншілік – оның жалғасы. Ол тәуелсіздігіміздің беріктігі, әр этнос өкілдері қызығушылықтарының біртұтастығы, жалпыға ортақ құндылықтар, азат әрі гүлденген елде өмір сүруге ұмтылыстан туындайды. Ондай ұмтылысты тек Отанға, отбасына, туған өлкеге, оның табиғатына, тағы басқаларға деген сүйіспеншілік арқылы қалыптастырамыз. Сонда ғана Отанымен, туған жерімен, еліміздің рәміздерімен мақтана алатын нағыз азаматты тәрбиелейтін боламыз. Сондықтан әр жастың жүрегінде еліміздің рәміздеріне деген құрметті әрі ұқыпты қарым-қатынасты тәрбиелеп, олардың мағынасы мен ұлылығын көрсетуіміз қажет.
Ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан алғанда биыл – Қазақстан үшін маңызды мерейтойларға толы жыл. Осы мерейтойлар қазақстандық патриотизмге ерекше серпін береді. О бастан еркіндікті аңсаған атына заты сай халқымыз бүгінде “Қазақ елі” деген атауды “Мәңгілік Ел” идеясына ұштастыруда. Бұл жалпыұлттық бастамаға біздің өңірге “Серпін – 2014” бағдарламасы бойынша келіп, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих бөлімінде оқып жүрген студенттер де ерекше үлес қосуда. Тарихи құндылықтарымызды жастардың бойына терең сіңіру жолында студенттерімізге “Асыл мұра” бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын түрлі республикалық ғылыми жобаларға қатысып, өз тұжырымдарын ғылыми негізде дәлелдеуге мүмкіндік жасалуда. Олар ғылыми-теориялық конференцияларда пікір алмасуларға қатысып, өз білімдерін шыңдауда. Университетте студенттердің қатысуымен тарихи сабақтастық жөнінде әртүрлі тақырыптарда тәрбие жұмыстары өткізіледі. “Тіл туралы”, “Қазақ хандығына – 550 жыл”, “Халықтар достастығы”, “Көктем аруы”, “Конституцияға – 20 жыл” атты тақырыптық шаралар мен факультетаралық “дөңгелек үстел” отырыстары, студенттер арасында өтетін ғылыми-теориялық конференциялар, олимпиадалар, білім сайыстары жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін, адамгершілік қасиеттерін арттыруға, ғылымға деген құштарлығын оятуға зор серпін береді.
Қазақтың тарихын тереңірек сараласақ, оның “мың өліп, мың тірілген” тағдырын көреміз. Әрбір “өлгеннен” кейін тіріліп, жаңара беретін ұлт мәңгі жасайды. Қазақтың бойындағы мәңгілік қасиеті оны құрайтын ру-тайпалары арқылы көне заманнан бері сақталып келеді. Қазіргі заманның міндеті – осы мәңгі қасиеттерді біріктіріп, оны жаңарған, өміршең ұлттық идея түріне келтіру. Тарихтың әр кезеңінде жаңарып, мәңгі жасайтын көк түріктің ұрпақтары – қазақтың мәңгі тақырыбы, оның ұлттық идеясы да әрбір жаңа заманда ұлтпен бірге жаңғыра бермек.
Зылыйха БИМАҚАНОВА,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.