«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘҢГІЛІК МҰРАНЫҢ МҰНАРАСЫН ТҰРҒЫЗҒАН

Тұғыры бөлек тұлғаларға бай өңіріміздің әмсе елімізге әйгілі мақтанышының бірі, тума дарын, жазушы Герольд Бельгер бүгін сексен жасқа толып отыр.

Әдебиет әлемінде қазақ даласында ғана емес, неміс елінде де құрметке бөленген жерлесіміздің адамзаттың осынау рухани қазынасын бойға дарытқан дарын иесі екені оның барша тілеулестерін сүйсінтеді. Герольд Карловичтің Қазақстан Жазушылар одағының Бейімбет Майлин атындағы сыйлығын, Президенттің “Бейбітшілік және рухани келісім” сыйлығын, Қазақ ПЕН-клубы сыйлығын, “Тарлан” сыйлығын иеленуі, “Парасат” орденімен марапатталуы, әдебиет майданындағы жетістіктеріне қоса отандастарымыздың ықыласына бөленіп, ұлтаралық достық пен рухани келісімді асқақтатуы – тума талантының анық бағасы.

Тәңір 1934 жылы Ресейдің Саратов облысындағы Энгельс қаласында дәрігердің шаңырағында шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің болашақ тағдырын жаны жомарт, мінезі кең жайлаудай дарқан қазақ халқымен тонның ішкі бауындай жақындастыруын қалаған екен. Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны өтіп жатқан 1941 жылы жеті жасар балдырған отбасымен Қазақстанға жер аударылып, өңіріміздің бүгінгі Шал ақын ауданындағы Тереңсай ауылына келіп, қоныс тапқан.

Түсі игіден түңілмейтін қазақ ауылының көңілі кең жайлаудай байтақ тұрғындары Карл Федорович Бельгердің отбасын жатсынбай бауырына тартып, барымен бөліскен, бір таба нанды бірге жеп, бір дастарқаннан дәм татқан. “Қазақтың арасында өскен соң қазақтың жершілдік патриотизмі жұқпай қоя ма?” деп жазушының өзі кейін бір естелігінде жазғандай, балдырған Гера сол Тереңсай (Ленин, қазір Ысқақ Ыбыраев) ауылындағы қазақ мектебін медальмен тамамдағаны ғанибет емес пе?! Қазақ арасына тастай батып, судай сіңген дәрігер Карл Бельгердің отбасы әр үйдің сүйіктісі, жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір бауырлары болып кетеді.

“Жат” деп жатырқамайтын қазақ арасында есейіп, дүние таныған Герольд көзі көргендерін көңіл сарайына жиып, қолына қалам ұстау құдіреті бойына қонғанда осы ауыл тұрмысын майын тамыза жазып, екінші Отанына тағзым етеді. Олай болса, оның “Көненің көзі”, “Ауыл шетіндегі ағаш үй” повестерін зерделеңіз. Оның сонау балалық шағының белестері көз алдымыздан шығады. “Тасөткел”, “Есіл”, “Жаңажол” атаулары бойыңды баурап, даланың жынды боранында адасып кеткен неміс баласын бауырына басып, алдына адал асын тосқан дарқан жүректі қазақ кемпір-шалы біздің халқымыздың жан-жомарттығын әмсе дүниеге паш етеді. Оны жазушы сүйсіне жазады.

Ал “Ауыл шетіндегі ағаш үй” повесі бастан-аяқ Тереңсайда тұрған ақын Ғалым Малдыбаевтың өмірі мен шығармашылығын, ауыл тұрмысын бейнелеген. Сондай-ақ, жазушы “Алты қырдың астында”, “Мұнар тау”, “Елу үшінші жылдың көктемі” повестерін қазақ халқының өмір-тірлігін бейнелеуге арнаған.

Ал шағын ғана “Ұстаз” әңгімесін тебіренбей оқу мүмкін емес. Әңгіме Шал ақын ауданындағы (ол уақытта Октябрь ауданы – З. Ә.) Балуан жетіжылдық мектебінің директоры, кейін есімі әйгілі болған ұстаз Сейтен Сауытбеков жайында. Жазушы Сейтен ағайдың тамаша білімпаздығын, ұстаздық қасиеттерін көркем суреттей келіп: “Секеңнің шәкірттері көп. Мен Секеңді әрдайым ерекше қадір тұтқан адамдардың бірімін” деген сөйлеммен әңгімесін түйіндейді.

Елуден аса кітап жазған Г.Бельгердің көркем аударма туындылары асқар таудың заңғар бір шыңындай әсерге бөлейді. Ол қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс және неміс тілдеріне аударуда басқа қандай да болсын, тәржімешіден асыра еңбек еткенін айтпауға болмайды. Үш тілді тел емгендіктен, бұл тұрғыда оны су жорға десек, қателеспейміз.

Шығармашылық күш-қуаты әбден толысқан шағында ол нағыз жазушылық жансебілдікпен еңбек етіп, тіл, дәстүр, ұлттар мәдениеті, ғаламдық өркениет, данышпандар өмірі мен ойшылдық арнасына бет бұрды.

Осы орайда жазушының ғаламат танымпаздығы десек, артық бағалағанымыз болмайтын Гете мен Абайдың рухани әлеміне бойлауы айызыңды қандырады. Жалпы рухани таным әлемінде адамзатқа ғахлиядай ғибрат беретін мұндай шығарма жазу үшін үлкен білім, асқан табандылық, зерделі зерттеушілік қасиет қажет етіледі. Өйткені, екі бірдей алыптың тұла бойын тереңдеп зерттеуге ден қойғанда сол екі данышпанды толық білу керек. Әрине, ұлты неміс болғандықтан, Г.Бельгер немістің ұлы ойшылдары Кантты, Гегельді, Гетені тамаша зерттеген, демек олардың ақыл-ой қабілетін терең және жан-жақты біледі. Екінші жағынан, ғұмырының саналы жылдарының бәрі қазақ арасында өтіп келе жатқандықтан, ол Абайды да барынша зерттеген. Ұлы ақынның өлеңдерін ғана емес, ғахлия сөздерін де зердесіне құйып алған. Оның үстіне, Абай мен Гетенің рухани жақындығының өзі-ақ оның осы тақырыпты зерттеуіне даңғыл жол салып берген.

Абай өзінен әлдеқайда бұрын ғұмыр кешкен Иоганн Гетенің өлеңдерін орыс ақындарының, солардың ішінде, әсіресе, Михаил Лермонтовтың аудармалары арқылы жақсы біліп, түсініп, ойшылдың көксеген мақсат-мұраттарын аңғарып отырған. Өзі де ойшыл Абай Гегельдің де диалектикалық қағидаларына бойлағаны анық. Дүниетанымдағы рухани үндестік екі ғұламаны жақындастырып, айталық, бір арнаға тоғысқан қос өзеннің суындай араластырып, үлкен ағынға айналдырғанын Г.Бельгер тамаша білгірлікпен баяндайды.

“Гете мен Абай. Мәселені дәл осылай төтелеп қою жөн бе? Екі ақынды қатарластыра атауда ең алдымен қандай қисын бар? Мұның өзі зорлап қиюластырған субъективті пікірге ұқсамай ма?” дей келіп, Г. Бельгер бұлардың екеуінің де ұлы ақын, ұлттық данагөйлер екенін алға тарта отырып, Абай өзінен әлдеқайда бұрын ғұмыр кешкен Гетені оқып-білмесе де, қазақ ғұламасының Пушкинді, Лермонтовты, Гогольді, Тургеневті, Лев Толстойды, Салтыков-Щедринді, Белинскийді, Чернышевскийді, Добролюбовты, Писаревті оқуы арқылы осы аталғандардың Гетені уағыздағаны, аударып, талдап-талқылағаны арқылы білгенін жазады. Және де ол бұл ретте дәлелді сөйлейді.

Жалпы осы “Гете мен Абай” еңбегінде Г.Бельгер ұлылардың рухани өнімділігін жақсы және айғақты дәлелдейді. Философияда, сондай-ақ, әдебиетте рухани өнімді талант шын бақытты екені даусыз. Жүз том кітап қалдырған “жазғыш” ең үздік екі шығарма жазған адамнан әлдеқайда рухани өнімсіз саналуын дәлелдеген. Абай – рухани өнімді. Сондықтан ол – Гетемен терезесі тең ойшыл.

Екі данышпанның сөз саптауы бір-бірімен келісіп алғандай, екі тамшы судай айырғысыз. Мысалы, Гете:

Тобырменен дос болып,

шықтым жолдан,

Танып соны, ақыры қалдым

жалғыз, – десе, Абай:

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым, тап шыным! –

деп күңіренеді.

Зерттеуші екі данышпанның қайғы-қасіреттеріндегі ұқсастықтарды да айтып береді.

Еңбегіне нүкте қояр тұста Г.Бельгер: “… екі ұлттың екі заңғар биігіне қарап отырамын да, таң-тамаша қаламын. Гетені оқысам, Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын”, – деп түйіндейді.

Жазушының қазақ және неміс тілдерінен аударған көркем шығармаларының өзі ғана 20 томнан асады. Оның осындай еңбекқорлығының арқасында қазақ жазушылары мен ұлттық әдебиетіміз өлшеусіз ризық көргенін анық аңғару қиын емес.

Осы жазғанымды түйіндей келгенде, Герольд Бельгердің бір шығармасындағы “Әдебиет – мәңгілік!” деген лебізі көзіме шалынды. Ойланып қалдым. Дұрыс айтылған, жанды лебіз…

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp