
Тәуелсіз еліміздің бүгiнгi өмiрi мен оның жан-жақты дамуын мәдени мұрасыз елестету мүмкiн емес. Рухани қазынамыз ғасырлар бойы халқымыздың сана-сезiмін, өзгелерге ұқсамайтын келбетін қалыптастыруда, iзгi құндылықтардың сабақтастығын сақтауда зор әлеуетке ие болды. Бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде оны зерделеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның бірі ретінде өңірімізде айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта қалпына келтiру бойынша қолға алынған ауқымды жұмыстарды айтуға болады.
	Өңір аумағында өткен тарихтан сыр шертетін ескерткіштер – археология-архитектура, өнер мен мәдениет мұраларын біріктіретін тарихи орындар көптеп саналады. Облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығы аталмыш тарихи жәдігерлерді, ұлттық маңызға ие орындар мен басқа да құндылықтарды қорғау, сақтау, зерттеу және насихаттау бағытында жұмыс жүргізеді. Бүгінгі күні облыс аумағында 599 тарихи және мәдени ескерткіш бар, соның 8-і республикалық мәртебеге ие. Тас дәуірінен, орта ғасырдан қалған 400-ден астам археологиялық ескерткіш те өткеніміздің белгісі ретінде мемлекет қорғауына алынған. Уақыт алға жылжыған сайын еліміздің ғалымдары мен тарихшылары бұл мұраларды өздерінің ғылыми ізденістеріне арқау етуде. Мәселен, біздің орталық мамандары Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп, Ақ-Ирий қалашығы мен Ботай қонысын зерттеді. Аталмыш ескерткіштер киелі жерлер тізіміне енген және туристер көп келетін саяхат орны болып табылады. Өткен жылдың өзінде оларды 10 мыңнан астам адам тамашалады.
	2019 жылы тарихи-мәдени ескерткіштердің қатары толыға түсті. Қараша айында белгілі археолог Тимур Смағұлов пен Анатолий Плешаков Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының маңында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде “Қызыл оба” ортағасырлық ескерткішін анықтады. Қазба жұмыстары барысында ата-бабамыздың отбасылық дәстүрін бейнелейтін еденіне кірпіш төселген қонысжай, күйдірілген кірпіштен қаланған бесқырлы құлпытас, адамның қаңқасы, салпыншағы мен көгілдір түсті асыл тасы бар алтын сырға, екі шағын күміс сәндік жапсырма табылды. Ғалымдардың болжамы бойынша, XIV-XV ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған бұл кесенеде Жошы ханның ұрпағы жерленуі мүмкін. Жалпы билеушілердің кесенелерінің осы аймақтан табылуы Алтын Орда дәуірі мен Қазақ-ноғай кезеңінде Солтүстік Қазақстан далалары көшпенділердің мәдени, саяси орталығы болғандығын айғақтайды. Алдағы уақытта Қызыл обаны қалпына келтіріп, оны туристік мақсатта пайдаланатын болсақ, ұтарымыз көп. Бүгінде ескерткішті сақтау бойынша міндеттемелерді өз мойнымызға алдық.
	“Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау” атты 2019-2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама аясында бекітілген шараларды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Облыстық прокуратурамен келісіп, өңірдегі барлық ескерткіштерді ерекше бақылауға алдық. Бұл жұмыс облыстық жер қатынастары басқармасымен де бірлесе жүргізілуде. Мысалы, жерді пайдалану картасында 436 археологиялық ескерткіштің аумағы бекітіліп, олардың шекарасы нақтыланды. Нысандардың географиялық көрсеткіштері жауапты органдарға жіберіліп, оларды қорғау және сақтау бойынша тиісті хабарлама жолданды. Археологиялық ескерткіштерден басқа архитектура және қала құрылысының 162 ескерткіші біздің бақылауымызда. Жыл бойына 44 ескерткіштің жағдайына мониторинг жүргізілді. Бұл іске қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, архитектуралық-құрылыстық бақылау және лицензиялау басқармасының мамандары тартылды. Жер иелері мен пайдаланушыларына мәдени-тарихи нысандарды сақтау және қорғау талаптары түсіндірілді, заңнаманы бұзғандар жауапқа тартылды. Тарихи-мәдени мұра нысандарын жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары бюджет және ескерткіш иелері мен тұтынушылар қаржысына жүргізіледі. Өткен жылы Айыртау ауданындағы Сырымбет қонысына “Казреставрация” РМК жөндеу жүргізді. Аталмыш мәдени нысан туристерді қабылдауға әзір. Сондай-ақ, И.Шухов атындағы әдеби-мемориалдық үй, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры және №21 мектеп қайта жаңарды.
	Жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында орталық мамандары ауылдарды аралап, майдангерлердің құрметіне орай орнатылған ескерткіштердің жағдайын анықтап, абаттандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысады. Бүгінгі күні өңірімізде Ұлы Отан соғысына арналған 527 ескерткіш бар.
	Киелі жерлердің тізімін толықтыру мақсатында “2ГИС” компаниясымен шарт жасасып, облыс орталығындағы ескерткіштер мен өңір аумағындағы барлық киелі нысандарды соған енгіздік, енді смартфон арқылы анықтауға мүмкіндік туды. Тарихи-мәдени мұраны көпшілікке насихаттау мақсатында халықаралық мұра күніне орай “Ежелгі қала” автоквесті ұйымдастырылды. Шара қатысушылары беймәлім тарихи орындарды зерттеп, архитектура және қала құрылысындағы маңызды 11 нысанды аралады. Өткенімізді тереңірек білу мақсатында бұл жобаға ғалымдар тартылды. Олардың көмегімен Қызылжар қаласында орналасқан бірнеше ескерткішке толық зерттеу жүргізілді. Былтыр жыл бойы Қазақстанның киелі жерлерін анықтап, олардың мемлекеттік деңгейде ресімделуіне атсалысып жүрген зерттеушілердің көмегімен де өңір аумағында орналасқан бірқатар тарихи-мәдени орындардың тізімін жасадық. Солтүстік Қазақстан облысының киелі нысандарының тарихы тереңде жатыр. Ғалымдардың айтуынша, өңіріміздің аумағында ортағасырлық архитектуралық ғимараттар, қалалар мен қоныстар, кесенелер мен қорғандар сақталған. Бүгінгі күні облысымыз бойынша анықталған 33 киелі нысан бар. Соның ішінде 8-і – жалпыұлттық, 25-і жергілікті мәнге ие. Былтыр алғашқы рет киелі жерлер картасына Меңгесер көлі, Теке өзені мен Имантау-Шалқар табиғи кешені енгізілді.
	2019 жылдың мамырында орталық мамандары Абылай ханның тұсында өмір сүрген Байталақ батыр жайлы тың деректер тапты. Бабамыздың сүйегі Ақжар ауданының аумағынан табылып отыр. Шығыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау мекемесімен байланысып, сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы Ж.Артықбаевтың көмегімен батыр жерленген орын киелі жерлер тізіміне енді. Жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылардың ортақ жұмыстарының нәтижесінде қазақтың белгілі ақыны Сегіз серінің де жерленген орны анықталды. Архив құжаттарын және ауыл ақсақалдарының естеліктерін зерттеу нәтижесінде ақын мен оның зайыбының бұрынғы Дос ауылының маңында жерленгені белгілі болды.
	“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламаларындағы міндеттерді орындау мақсатында танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге бағытталған “Qyran dalasy” жобасын жүзеге асырдық. Жоба аясында жазушы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке, өнер тарланы Аяған Шәжімбаевқа арналған көркем және деректі биографиялық фильмдер дайындалып, көрмелер мен интернет арқылы саяхаттау ұйымдастырылды.
	Туған жеріміздегі мәдени мұра жәдігерлерін жан-жақты зерттеп, оның құпиясын бүгінгі жас ұрпақ санасына дарытуды азаматтық борышымыз деп білеміз. Осы орайда білім ордаларымен тығыз байланыс орнатып, жастар бойында туған өлке тарихына деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында түрлі шараларды қолға алудамыз. 2019-2020 оқу жылдарына арналған арнайы жоба әзірлеп, бүгінде орталық мамандары сабақтан тыс шараларға қатысуда. Облыс орталығындағы №21 мектепте “Ұлы даланың жеті қыры: киелі Солтүстік Қазақстан” атты қанатқақты жоба өз жұмысын бастады. Оқу орнының ұстаздары біздің мамандармен бірлесіп, өз өңірімізге қатысты тақырыптар бойынша балаларға қосымша ақпарат беріп, өңірдегі киелі нысандар бойынша экскурсиялар жүргізуде. Ғасырлар бойы сақталып, қастерлі де қасиетті жәдігерге айналған мұраны зерттеу, оны ел игілігіне жарату ісі бұдан әрі де өз жалғасын табатын болады.
	 
	Рахат МӘМБЕТАЛИНОВ,
	облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау  және пайдалану орталығының директоры.