
1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа Шал ақын ауданының шағын ғана Алқаағаш ауылынан 76 азамат аттанған екен. Осылайша, кеудесінде намыс оты бар ауыл азаматтары ел басына күн туғанда етікпенен су кешіп, қанды қырғында бастарын бәйгеге тікті. Отан үшін от кешкендердің тең жартысы, яғни 38-і елге оралмады. Жауынгер жерлестерімізге топырақ Кеңес одағының түрлі қалаларынан, Польша, Венгрия, Чехословакия елдерінен бұйырды. Тек 1941-1942 жылдардың өзінде 25 жерлесіміз майдан даласында хабар-ошарсыз кетті. Бұлардың дені әлі үйленіп, үй болып та үлгермеген жап-жас жігіттер еді. Сондықтан олардың артында ұрпақ та қалмады. Соғыста опат болған біраз жауынгерлердің әлі күнге дейін қайда жерленгені де беймәлім. Тіпті, кейбір мерт болған жерлестеріміздің суреті де қалған жоқ. Ал майданға аттанған ерлердің орнына ауыл әйелдері, балалар мен қарттар білек сыбана жұмыс істегенін жадымыздан шығаруға қақымыз жоқ. Хабар-ошарсыз кеткен 25 жерлесіміздің біреуі – әкемнің туған ағасы Нұрке Дәуленов. Ол 1941 жылғы 17 шілдеде әскерге алынып, 314-ші атқыштар дивизиясының 1074 полкінің құрамында болған. Бес айдан кейін қанды қырғында оққа ұшып, үйге “қара қағаз” келеді. Ағамыздың артында екі сәбиімен еңіреп жеңгеміз қалды. Осылайша, тағы бір үйдің шаңырағы ортасына түсті.
Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуге аттанғандардың арасынан туған топыраққа табаны тиген жерлесіміздің бірі – Қошқарбай Жақыпов. Жеңіс жолындағы ерлігі және Берлинді алуға қатысқаны үшін осы асыл азаматтың кеудесінде “Қызыл Жұлдыз” ордені жарқырайтын. Тағы бір жерлесіміз Шери Сайдалин Венгрия астанасы – Будапешт қаласы үшін шайқастардағы ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталды. Осындай орден тағы екі ауылдасымыз – Ғалым Сәкенов және Серікбай Ахметовке де бұйырды.
Серікбай атамыз – 1945 жылы Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда өткен Жеңіс күніне арналған парадқа қатысқан жауынгер. Ол бұл шеруде Иосиф Сталинді, оның қызметтестері В.Молотовты, Г.Маленковты, белгілі маршалдар Г.Жуковты, К.Рокоссовскийді, И.Коневті және миллиондаған Кеңес одағы халықтарының көп жыл аңсаған қуанышын өз көзімен көріп қайтты. “Ерлігі үшін” медалі Шәрәп және Ахметжан Әубәкіровтерге, Сағынай Бейсенов, Қадыркеш Бекмағанбетов секілді батыр аталарымызға берілді. Тағы бір жерлесіміз Арғын Дүйсенбиннің кеудесінде “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалі жарқырайтын. Қабдолла Жандосов атамыз Қызыл Армия қатарына 1941 жылы желтоқсан айында шақырылып, 284-ші атқыштар дивизиясының 143-ші полкінде қатардағы атқыш-солдат болып, сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальмен марапатталды.
Қиян-кескі ұрыс даласынан аман-есен оралған жерлестеріміз бейбіт күнде де ел дамуына сүбелі үлес қосты. Өйткені, соғыстан кейінгі жылдары елдің тұрмысы нашар, жұпыны еді. Майдангер Жәкежан Нүркенов ауылға оралған соң трактор тізгініне ие болып, зейнетке шыққанға дейін бел жазбай еңбек етті. Ғаббас Әбжанов, Сағынай Бейсенов, Жанғали Бестенов, Серік Қыздарбеков кеңшардың малын бақты. Майдан даласына бір аяғын беріп келген Серік әкеміз де отбасын асырап, балаларын жеткізу үшін жұрт қатарлы жұмыс істеді. Қарт жауынгерлер үйде отыруды ар санайтын. Байғали Қожин, Шери Сайдалин, Шәрәп Әубәкіров зейнет жасына жеткенше еңбек майданында жүрді.
Алқаағаш – шағын ғана ауыл болса да, намысқой, еңбекқор, білімді азаматтардан кенде болған емес. Алтын ұядан үш бірдей аудандық атқару комитетінің төрағасы түлеп ұшқаны – біз үшін зор мақтаныш. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Еңсеген Жүзенов. Ол соғыстан оралған соң еңбекке араласып, оқуға түсіп, жоғары білім алды. Партия, кеңес органдарында қызмет еткен ол ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетімен көзге түсіп, Преснов аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы, Көкшетау облысы Чистополье аудандық халықтық бақылау және аудандық атқару комитеттерінің төрағасы қызметіне сайланды. Тағы бір майдангер ауылдасымыз Өмipбай Ыбыраев кеңшардың директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ал майданға өзі сұранып аттанған Айдархан Кәкіжанов ұрыс даласынан жараланып, елге мүгедек болып оралса да, еңбектен қол үзген жоқ. Көрші Қаратал ауылында бірнеше жыл есепші, туған ауылында отыз жылға жуық кеңшардың бөлімше басқарушысы болды, Кривощеково ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Бүгінгі күні сол жауынгерлердің бірде-біреуі арамызда жоқ. Карт майдангерлердің соңғысы 2010 жылы қазан айында көз жұмды. Соғыс ардагерлері өз заманының батырлары еді ғой. Олар ешқашан ел үшін атқарған еңбектерін міндетсіген емес. Ағаларымыздың еңбекқорлығы бәрімізге де үлгі. Жоғарыда аталған Қабдолла Жандосов атамыз пар атпен кеңшардың шөбін шабатын, бірақ ол шаршағанын айтып, бір реніш білдірмейтін. Қайролла Өсіпов, Кәкім Сыздықов, Қадыркеш Бекмағанбетов, Зейнел Қыдырмин, Ахметжан Әубәкіров, Ерғали Дайыров бөлімшеде өздеріне тапсырылған жұмыстарды мінсіз атқарушы еді. Шөп шауып, мая үйгенде олардың ширақтығына, қайратына таңғалатынбыз. Осы аталарымыз ауылдағы алғашқы клуб, дүкен ғимараттарын өз қолдарымен ағаштан кертіп тұрғызды.
Бұл кісілердің еңбекқорлығынан бөлек, қазақы болмысына да тәнті болатын едік. Қабдолла Жантілеуов атамыз аңшылықты кәсіп қылды. Бүркіт ұстап, аң аулағанды ұнататын. Ол кісінің туған інісі Амантай және соғыстан мүгедек болып оралған Жанатай Ғабитов қоймашы болғанын ауылдастары ұмыта қойған жоқ. Шахмет Мәкімов ауылда мал дәрігері болса, ал оның ағасы Кәрім егін күзетуші еді. Тұрғын Рамазанов Новопокровка жұмысшылар кооперативінде өмір бойы есепші қызметін атқарды. Тағы бір ағамыз Мырзахмет Әбжанов Тимирязев ауданының Сулы станциясында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықты.
Тағдырдың жазуымен туған жерден жырақта өмір сүрген майдангерлер де бар. Солардың бірі – Қуанышбай Қазымбетов. Ол ғұмырының соңына дейін Өзбекстанда тұрды. Сүйегі де сол жақта жерленді. Бірақ бала-шағасының туған топыраққа қайта оралғаны қуантады. Тағы бір ауылымыздың жауынгері Қошқарбай Тайпақов саналы өмірін Ресей елінде өткізді. Қазақта “орнында бар оңалар” деген аталы сөз бар. Жоғарыда аталған аталарымыз ұрпағының қызық-қуанышына кенелді, немере сүйіп, бақытты күндердің куәсі болды.
1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысының зардабы ешкімге жеңіл тиген жоқ. Кең-байтақ еліміздің бір түкпірінде жатқан менің туған ауылым – Алқаағашта да қанды қырғынның зардабынан қаншама отбасының түтіні өшіп, қаншама ана жесір, балалар жетім қалды. Жанарлары жастан құрғамай қаншама қыз-келіншек сүйген жарларын тосып, сағыныштан сарғайып өмірден өтті. Ұлы Отан соғысының аяқталуына екі жыл қалғанда Тәсібек Қожантаев пен Қайретден Тілемісов жараларынан айыға алмай дүниеден озды. Олардан кейін Жұмағали Өсіпов те мына өмірмен қош айтысты. 1965 жылы майдан даласынан жаралы оралған ардагер Қажен Әбжановты да жақындары мен ауылдастары қимастықпен о дүниеге шығарып салды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғанына, міне, биыл 75 жыл, сонда да от кешіп, опат болған жерлестеріміздің ерлігі ұмытылмайды. Оларға бас иіп, тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз.
Сайран МОЛДАХМЕТОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты.