«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәңгілік құндылықтар

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1994 жылдан бері Халықаралық отбасы күні дәс­түрлі түрде аталып келеді. Бұл мейрам Қазақстанға 2009 жылы енгізілді. Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 2013 жылы Отбасы күні кәсіптік мерекелердің қатарына қосылды.

Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітап­ханада “Қазақстан халқының отбасылық дәстүрлері” деген тақырыпта өткен мәдени шара отбасы күні мерекесіне арналып, өнегелі құндылықтар барынша үлгі етілді. Отан – отбасынан басталады. Шаттығы шалқыған шаңырақты “кішігірім мемлекетке” ұқсатып жататынымыз да сондықтан. Жас буын отбасыда жақсы тәлім-тәрбие алса, еліміздің берік қорғаны, ары мен абыройы, аға ұрпақ дәстүрлеріне адал болары даусыз. Қазақстан Үкіметі отбасы, оның әрбір мүшесін қорғауға алып, тиісті әлеуметтік қамқорлықтар жасап келеді.

Облыстық “Аналар кеңесі” ұйымының төрайымы, әл Фараби атындағы мектеп-лицей директоры Күлімкөз Смайылова қазақ халқының бала тәрбиелеудегі тәжірибесі туралы сыр шертсе, “Коперник” поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ва­лентина Корнева, түрік этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Диляра Хасанова отбасылық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар төңірегінде әңгіме өрбітті. “Дуслык” татар-башқұрт қоғам­дық ұйымының белсенді өкілі Зулейха Бикметова адам бойындағы адамгершілік қасиеттер, биік азаматтық болмыс пен мінез отбасында қалыптасатынын өз сөзіне арқау етті.

Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени ұйымдардың өкілдері еліміздегі отбасылық дәстүрлер туралы баяндайтын кітап көрмесін тамашалады.

Елена СКАКУНОВА,

С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp