Адамзатқа қасірет әкелген соғыстың жүрекке салған жарасы терең. Қанша жыл өтсе де жерімізді жаудан қорғаған майдангерлердің ерлігі ұмытылмайды.
Бізге бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақтың жанқиярлығын есте сақтап, рухына тағзым ету парызымыз. От пен оқтың ортасында жан алысып, жан беріскен жандардың арасында қазақтың батыр қыздары аз болмады. Солардың бірі – Мәншүк Мәметова.
Әкем менің есімімді қайсар қызға ұқсасын деген ниетпен Мәншүк қойыпты. Бүгінде көпбалалы анамын. Кішкентай кезімде анам Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды қазақтың қайсар қыздарының ерлігін айтып отыратын. Мен де қыздарыма майданда ерлікпен күрескен батыр бабаларымыздың ержүректігі мен қайтпас қайсарлығын үлгі етуден жалыққан емеспін. “Болмасаң да, ұқсап бақ” демекші, әр бала Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерлік істерінен өнеге алса, жас ұрпақ рухы мықты, жігерлі болады. Бұл орайда “Бірлігі мықты елді жау алмайды” деген сөз текке айтылмаса керек. Сондықтан жас құрақтай өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызды қайратты, жігерлі етіп тәрбиелеу қажет. Ал қатары сиреген соғыс ардагерлеріне тек мерекеде ғана емес, күн сайын құрмет көрсетсек те артық болмайды.
Мәншүк БАЙЗУЛЛИНА,
көпбалалы ана.
Айыртау ауданы.