Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «CRITICS AWARDS VII» жүлдесі аясында еліміздегі өнер ордаларына жүргізілген жылдық мониторинг қорытындысы жарияланды.
Оның аясында осымен жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Сыншылар жүлдесі» іс-шарасында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры сахналаған «Мөлдір махаббат» қойылымы «Шетелдік режиссердің жыл қойылымы» номинациясына ие болды.
– Бұл жүлде – режиссер Айдар Заббаров пен театр ұжымының кәсіби ізденісі және ортақ еңбегінің нәтижесі. «Мөлдір махаббат» – көрерменнің жоғары сұранысы мен ілтипатына ие болған спектакль. Классикалық туындының көркемдік ерекшелігі мен актерлердің кәсіби шеберлігі көрген адамды тебірентпей қоймайды. Өткен мен бүгінді байланыстырған қойылым аз уақыт ішінде адам жанының ең нәзік қылын шертетін туындыға айналды, – дейді театр директоры Біржан Жалғасбаев.
Қос ғашықтың тағдыр тәлкегіне түскен өмір жолын баяндайтын әсерлі драма еліміздің бірқатар өңірлеріндегі, атап айтқанда, Алматы, Түркістандағы театрларда да сахналанған.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».