«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Надежда ОКУНЕВА: “ТАРИХ ЖАЛҒАСАДЫ. ЖОЛЫМЫЗ ЖАСТАРҒА БҰЙЫРСЫН!”

“Өткен күнде белгі бар” демекші, кейде күнтізбеге көзің түссе, көңілден ұмыт, көзден таса қалған біраз жайларға қанығасың. Ойда жоқ жерден олжа тапқандай болып, сол оқиғалардың астарына үңілуге ықыласың ауып тұрады. Мен қалалық Мәдениет үйінің жанындағы түрлі үйірмелердің, өнер ұжымдарының өткеніне, қалыптасуына зер сала отырып, осындағы драма театрының іргесі сонау 1920 жылы қаланғанына қанықтым. Биыл театрдың шаңырақ көтергеніне – 95 жыл. Айтарлықтай-ақ белес. Оның өткені мен бүгінінің арасындағы сабақтастықтың сырына бойлау үшін театрдың көркемдік жетекшісі Надежда Окуневаны сұхбатқа тарттым.

– Надежда Александровна, әрине, театрдың алғашқы кезін көзіңіз көрмесе де, сізді оның тарихынан бейхабар дей алмаймын. Әңгімемізді осыдан бастасақ деп едім.

– Бұл театрды қаламыздағы және бүкіл өңіріміздегі ең байырғы өнер ордаларының бірі десе болады. Ол теміржолшылардың Мәдениет үйінің жанынан құрылып, 1920 жылдан бастап өнер отын маздатқан екен. Мұны мен локомотив депосының мұражайындағы деректерден анықтап, сол кезде түсірілген суреттерді көрдім. Сонда бұл драма театры теміржолшылардың өнер шаңырағы болғанын пайымдадым.

– Өзіңіздің жолыңыз театрмен қалай тоғысты?

– Өнер адамның рухани әлемі емес пе?! Біздің жастық шағымызда оның орны тым ерекше еді ғой. Мектепте білім алған жылдарым есіме түседі. Біз, оқушы балалар, көркемсөз оқудан жарысатынбыз. Тегі, мен өзгелерден озық болсам керек, әдебиетші ұстазым үнемі мені сахнаға шығаратын. Бара-бара өлең, көркемсөз оқу жаныма от беретіндей болды. Он екі жасымда өзім тұратын жерде жартылай салынып, құрылысы аяқталмаған үйдің жанында шағын сахна жасап алып, бүкіл көрші-қолаңның алдында тақпақ оқимыз. Сонда мен алғаш рет Пушкиннің “Алтын балық туралы” ертегісін жатқа айтып, бір өзім шал да, кемпір де, алтын балық та болып ойнадым.

Есейе келе де осы дағдымды жалғастырғаным есімде. Сөйтіп жүріп, теміржолшылардың театрының жетекшілері Мария Фадина мен Валерий Далматовтың көздеріне түссем керек, мені театрға шақырды. Оның сахнасында өнер көрсеткен кездерімді әлі күнге ұмытпаймын.

Кейін осы ұстаздарымның ақыл-кеңесімен Челябинск мәдениет институтының режиссерлік бөлімшесіне түсіп, білім алдым. Диплом жұмысым ретінде Эстонияның көрнекті драматургі Эгон Раннеттің “Адасқан ұл” драмасы бойынша спектакльдің сценарийін жазып, оны сахнаға шығардым.

Бұл өнер ұжымына “Халық театры” атағы 1959 жылы берілген болатын. Шынымды айтсам, менің оған қосқан үлесім жоқ. Ол – менің ұстаздарыма бұйырған бақыт. Алайда, бүгінде олардың ізін басып келе жатқан соң бұл атақ мен үшін де аса ардақты.

Мен театрда 1973 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Әуелі рөлдерді бейнелеп, сахнаға шығып жүрдім. Бес жылдан соң оның көркемдік жетекші-режиссері болып тағайындалдым.

– Иә, осыншама уақытта бірталай қойылымдар көрермендер жүрегіне ұялады ғой. Көрермендеріңіз кімдер, мүсіндерді бейнелеушілер кімдер?

– Бұл ретте айтарым, біздің театр әуелден теміржолшылардың өнер шаңырағы ретінде ашылған. Мұнда осы кәсіптің көптеген мамандары, атап айтқанда, вагон жөндеушілері, тепловоз жүргізушілері, жол салушылар және басқалары негізгі жұмысына қоса, өнерге де уақыт табады. Ендеше, ең тілеулес көрермендеріміз – теміржолшылар. Осы орайда халық театрының ардагері Владимир Сутуловтың өмірін мысалға алуыма болады. Владимир Дмитриевич өзімен бірге қойылымдарда ойнауға ұлдары Олегті, Владимирді ала келетін. Кейін бұлар өмір жолында өнерді таңдап, үлкені облыстық қуыршақ театрында еңбек етті, бүгінде Ресейде осы ісін жалғастырып жүр. Ал қызы Анна Карлицкая біздің театрда сахнаға шығады. Оның екі қызы Маша мен Соня да спектакльдерге қатысады.

Сондай-ақ, үш Игорь – Кленский, Матвиенко және Жеваков теміржол техникумын, техникалық училищені тамамдап, мамандық игерсе, сонымен бірге біздің қойылымдардан қол үзбейді.

И.Кленский он бес жасынан театрда өнер көрсеткен еді. Ол елуге толды. Ұлы Антон үйленіп, өзі біздің театрда еңбек етсе, зайыбы “Экспромт” халық театрында сахнаға шығады.

Айта берсем, бұл қалың қатарды тауысу оңай емес. Мысалы, Виктор мен Светлана Ивановтар, Ирина мен Наталья Маркиндер, ерлі-зайыпты Наталья мен Олег Подлоколар… Роман Цибизов әскери борышын өтеп келіп, театрға оралды.

– Ал осы ұжымнан қанаттанып ұшып, үлкен өнер ордаларынан орын алған сахнагерлер бар ма?

– Бар деп айта аламын. Кезінде біздің театрда өнерін ұштаған Елена Тихонова деген актрисамыз болды. Ол осыдан кейін Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының труппасына қосылды. Наталья Тручкова (қазір Гузеева) қуыршақ театрында жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының белгілі әншісі Николай Колокольчиков біздің театрда қанаттанды. Ал Нина Кочергина бүгінде өнер колледжінде сабақ береді. Онда болашақ сахна шеберлерін баулып жүр.

Қазір “погодиндіктердің” көрнекті сахнагерінің бірі Анатолий Наргеленас та – біздің мақтанышымыз, өйткені, өнерге алғашқы жолын театрымызда салған еді.

– Бір жылда қанша қойылым шығара аласыздар?

– Кемінде 3 спектакль қою қолымыздан келеді. Бұларды көрермендердің көңілінен шығатындай, әбден ұштап барып ұсынуға уақыт керек. Өйткені, біздің театрымыз – халықтық өнер шаңырағы. Орындаушылардың негізгі қызметі басқа болғандықтан, оны да ескеру керек.

– Труппада қанша адам бар?

– Әрине, олар әртүрлі жағдайларға байланысты ауысып отырады. Дегенмен де, тұрақты отыздан аса адам қамтылады.

– Жастардың ықыласы жақсы деуге бола ма? Өйткені, оларға түбінде осы театрдан үлкен өнерге аттануға жол ашылуы мүмкін деген ойдамын.

– Әлбетте, жастардың ықыласына ризамын. Мысалы, №26 орта мектепті біздің театрымыздың тірегі десем, артық емес. Бастауыш сыныптардан бастап, ересек оқушыларға дейін – біздің ең жақсы, тілеулес көрермендеріміз әрі сахнада өнер көрсетушілеріміз. Оларды біз жастайынан өнерді құрметтеуге баулығымыз келеді. Нағыз сахналық өнерге осында бейімделе бастайды. Мейлі, кейін өзге мамандықтарды таңдасын, алайда, осы сахнада өнерге деген ықылас, құрмет, руханият әлеміне бойлау олардың жүрегіне ұялайды.

Осы оқушыларды және колледж студенттерін жексенбі күндері шеберлік шыңдау мақсатында театрға тартып, дайындаламыз.

– Театрдың репертуар байлығы жөнінде не айтар едіңіз?

– Түрлі жанрларды қамтуға тырысамыз. Классикадан бастасам, алдымен француздың атақты жазушысы Виктор Гюгоның “Күлегеш адам” романы бойынша спектакльді қойып жүрміз. Орыс жазушысы Николай Лесковтың “Ғажайып жолаушы” повесіне негізделген спектакліміз бар. Александр Островскийдің “Снегурочка” ертегісін ұсынып жүрміз. Владимир Губаревтің Чернобыль атом реакторындағы апатқа арналған “Саркофаг” спектаклі көрермендерге ой салады. Василий Шукшиннің “Ол ертеңіне оянған еді” деген өзекті тақырыптағы әңгімесі бойынша қойылым ұсынамыз.

Қазақ драматургиясынан Ғабит Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” трагедиясын таңдадық.

Жастарды нашақорлықтан, маскүнемдіктен іргесін аулақ салуға насихаттау мақсатында бірнеше тың қойылымдар әзірлеуді көздеп отырмын. Алдағы уақытта осы жоспарымызды жүзеге асырып, сахнада жастарға орын береміз. Көрермендеріміз де жастар болмақ.

– Жастар демекші, сіздің өзіңіздің шаңырағыңызда қанаттанып, ісіңізді жалғастырып жүрген ізбасарларыңыз бар ма?

– Қызым Анна Солдатова – режиссер, жиенім Всеволод та өнерге бейімделді. Әсіресе, қызыма ризамын. Ол қаламыздағы “Праздник” деп аталатын агенттікте осы қызметті атқарады. Үнемі Наурыз мерекелерінің, қаладағы көпшілікке арналған той-думандардың сценарийлерін жазып, даярлайды. Біздің театрдың әртістері сол қойылымдарға қатысады.

– Өткен жыл қандай бір елеулі оқиғамен ұмытылмастай болып есіңізде қалды? Биылғы жылға үмітіңіз қандай?

– 2014 жылдың 5 желтоқсанында біз “Халық театры” атағын иеленгеніміздің 55 жылдығын есте қаларлық қойылыммен атап өттік. Қалалық Мәдениет үйінің сахнасында осы салтанатқа арнап үлкен бенефис қойдық. Өткен жылдардағы он бір спектакльден, ішінде, негізінен, драмалар, комедиялар бар, үзінділер көрсеттік. Бұл сазды-сахналық көріністер көрермендердің жүрегіне ұялағанын олардың дүркірете қол соққан ризашылығынан аңғардық.

Биыл да, одан кейін де осы жолымызды жалғастыра бермекпіз. Тоқсан бес жыл аз уақыт емес. Шежіремізді байыта түсеміз. Бұл мақсат жастардың еншісіне бұйырады ғой. Жолды солар жалғап жатса, нағыз қуаныш емес пе?!

– Әңгімеңізге рахмет! Жолдарыңыз болып, өнер жұлдызы жарқырай берсін!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp