«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРДА — ЖҰМЫСШЫ КЕНТІ

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде орналасқан №5 учаскелік полиция пунктінде азаматтарды қабылдады.

Полиция ведомствосы бастығының қаланың шеткері ауданында алдын ала жазылусыз жеке қабылдауды өткізетіні туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Қабылдау туралы хабарландырулар халық көп жүретін орындарға ілінді. Облыс орталығының шеткері ауданының тұрғындары белгіленген уақытта Украин көшесі, 224 мекенжайындағы учаскелік полиция пунктіне келді. Азаматтар санитарлық нормаларды сақтай отыра, полиция полковнигі Марат Төлебаевқа өздерін мазалаған сауалдарын қойды.

Украин – Караван көшелерінің қиылысында бағдаршам орнату, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық тәртіп ережелерін сақтау, көпқабатты үйлердің аулаларына бейнебақылау камераларын орнату – Жұмысшы кентінің тұрғындары негізінен осындай мәселелерді көтерді. Кездесуге келген азаматтардың әрбір өтінішін мұқият тыңдаған Марат Төлебаев екінші полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сыздықовқа мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеуді, мүдделі ведомстволарға ұсыныс хаттар жолдауды, қажет болған жағдайда тұрғындармен жиналыс өткізуді тапсырды.

Жұмысшы кентінің тұрғыны Любовь Яковенко Пугачев көшесінде бейнебақылау камерасын орнату мүмкіндігін қарастыру өтінішімен жүгінді және учаскелік полиция инспекторларына алғысын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, үлкен ұлы ащы суға әуес, сондықтан оған полиция пунктіне бірнеше рет жүгінуге тура келген. Қала тұрғынының айтуынша, учаскелік инспекторлар оның мәселесіне әрдайым түсіністікпен қарап, жұмыстарын жылдам, тиянақты атқарған.

Пандемияға байланысты орнатылған шектеу шараларына қарамастан, облыстық полиция департаментінің басшылығы азаматтарды қабылдауды жалғастыруда. Жыл басынан бері Марат Төлебаев 37 рет қабылдау өткізген. Іс-шара барысында 125 адам қабылданған, оның 66-ның өтініштері онлайн режімде тыңдалды. Сондай-ақ, облыстық полиция басшысы консультативтік-кеңесші органның мүшелерімен бірлесіп “Nur Otan” партиясының облыстық филиалында азаматтарды қабылдау жүргізді.

Ерлан МАХМЕТОВ,

облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp