Кеудесіне таққан орден-медальдары күнге шағылысып, анадайдан тез-тез басып келе жатқан Шабай ақсақалдың қарасы көрінсе болды өзара әңгіме-дүкен құрып отырған жастар сап тыйылатын, командирі келе жатқан солдаттардай жалма-жан маңайларын жинастырып, қаққан қазықтай тұра қалады. Олардың бұлайша әбігерленуінің де өз мәні бар. Жастайынан әскер тәртібін көріп, зұлмат соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан майдангердің әр сөзі ауылдастары үшін жазылмаған заң.
Өзін тапжылмай күтіп тұрған жастармен амандасқан Шабай ақсақал: “Өркендерің өссін, қарақтарым”, – деп ризашылығын білдіріп, әдеттегідей үй-іштерінің амандығын сұрайды. Состиып тұрған жастарды көзімен бір шолып өтіп:
– Жездем Нұрахметтің үйіне қонаққа бара жатырмын, – дейді.
Жастардың ішінде батылдау біреуі:
– Ата, жездеңізбен әзілдесесіз бе? – деп сұрайды.
Табиғатынан сабырлы ақсақал сәл ойланып тұрып:
– Біздің бала кезімізде әзіл-қалжың өз алдына, реті келгенде балдыздар жабылып кетіп, жездесін түйебас қылушы еді. Олар не істесе де, жезденің ашулануға қақы жоқ. Қазіргі кейбір жезделер бұл дәстүрдің өзіндік ерекшелігіне мән бермей, балдыздары сәл өктемдік жасай бастаса қызараңдап шыға келеді. Балдыздардың еркелігін көтеріп, әзілдесе білу де зор ғанибет. Қарақтарым, мен жолымнан қалмайын. Аман болыңдар, – деп ілгері жылжиды. Осы бір ыстық сәттер қарт майдангерді көзі көрген Теміржан Нұрахметовтің есінде күні кешегідей сайрап жатыр.
Шабай Добалұлын білетіндер адамгершілігі мол, елге сыйлы жан еді деп еске алады. Денесі жеңіл кісі болыпты. Кейде сырттан қарап тұрғандарға ол зыр жүгіріп жүргендей көрінеді екен. “Өткір еді, ойын ашық айтатын. Босбелбеу жігіттерді көргенде намысын қайрап, жігерлендіріп жіберуші еді”, – деп ауылдастары ауыздарынан тастамай айтып отырады.
– Шабай ақсақал біздің үйге қонаққа келгенде, әкем ылғи төрге отырғызатын. Елдің бәрі ол кісіні қатты құрметтейтін. Жүрегі жылы, пейілі кең жан еді. Сол адамгершілік қасиеттеріне сай ел-жұртының құрметіне бөленді. Елдегі жаңалықтарға құлағы түрік жүретін ол мектепте өтетін тағылымы мол танымдық шараларға үнемі шақырылып, жас ұрпаққа ақылын айтудан танбайтын. Бұл кісілердің бастан өткерген қиын-қыстау заманы “дұшпанның басына бермесін” дейтіндей-ақ кезең болды ғой, – дейді Теміржан Нұрахметов.
Есіл ауданындағы Талапкер ауылының тумасы Шабай Добалұлы 1938 жылы әскер қатарына алынып, жарты әлемді жайлаған зұлмат соғыстың басынан аяғына дейін ұрыс алаңында болды. Майдан даласында төрт рет жараланды. 117 гвардиялық атқыштар полкінде автоматшылар взводының командирі болған ол ерен ерлігі үшін 1943 жылы 17 қазанда “Қызыл Жұлдыз” орденімен, ал 1945 жылы “Қызыл Ту” орденімен марапатталды. Соңғы марапаты Шабай Рамазановқа 1945 жылы 18 сәуірде өзінің взводымен Долгелин елді мекенінің маңында жау шебін бұзып өтіп, 25 фашистің көзін жойғаны үшін берілген. Командирдің батыл әрекетінің нәтижесінде полктің өзге бөлімшелері белгіленген межеге жетіп, дер кезінде орнығады.
Көп ұзамай Берлин қаласы үшін ұрыста тағы да ерлігімен көзге түседі. Өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан өзі бастап химия зауытына кіріп, осы әрекетімен соңынан ерген жауынгерлерін жігерлендіреді. Уралап кірген кеңес жауынгерлерінен қаймыққан фашистер зауыттың жертөлесіне жасырынады. Өліспей беріспеуді ұйғарған жаудан тайсалмай сол жердегі қиян-кескі шайқаста сексенге жуық жау әскері мен офицері өлтіріліп, 120-ға жуық гитлершіл тұтқынға алынады. Осы ұрыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жау қолынан жарақат алған Шабай Рамазанов ең жоғары награда – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. 1945 жылы 7 мамыр күні полк командирі қол қойған батыр атағын беру туралы марапат қағазы архивте сақталған. Бірақ майдангер белгісіз себептермен бұл марапатқа ие болмаған. Отан үшін ерекше ерлік көрсетіп, оқ пен оттың ортасында жүріп, Берлинге дейін жеткен жерлесіміздің 1418 күнге созылған соғыстағы жанқиярлық ерлігі қандай марапатқа болса да лайық еді.
20 жасында әскер қатарына алынған Шабай Добалұлы соғыс аяқталса да елге қайтпайды. Әскери басшылық оны Қиыр шығыстағы Жапонияға қарсы қан майданға жібереді. Туған жерге тек тоғыз жылдан кейін оралады. Бұл кезде соғыс оты шарпыған елдің жағдайы әлі де мүшкіл еді. Батыр ұл қираған шаруашылықты қалпына келтірудің ауыр жұмысына жегілді. Алайда, қандай қиыншылыққа тап келсе де, асқақ рухы мен қайсар мінезінің арқасынша ешқашан тізе бүкпеді. Өйткені, ол өз заманының шын мәніндегі құрыштай берік сайыпқыранының бірі еді.
Қысылтаяң шақтың куәсі болған ақсақал бұл жайлы ешқашан шешіле айтқан емес. Еңбекке араласып, елдің әлеуетін ғана емес рухын көтеруге де атсалысты. Түрлі қызметтер атқарған Шабай Добалұлы жауапкершілігі, адалдығы мен тиянақтылығының арқасында аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Боголюбовадағы май зауытында еңбек етіп, жұмысшылар кооперативін басқарған ол зейнет демалысына шығар алдында орман шаруашылығына ауысады. Бір кездері елін жаудан қорғаған батыр енді бейбіт өмірде оның табиғатына қамқор болды. Ол кездегі орманшылардың да жөні бөлек еді ғой. Атын ерттеп алып, өзіне сеніп тапсырылған аумақты бір шолып шықпайынша көңілі тыншымайтын.
– Атам қонақжай еді. Сырттан кісі көп келетін, ағайын-туғанның балалары да біздің үйде өсті. Үсті-басын таза ұстайтын, киімін ұқыпты киетін. Теледидардан хоккей, футбол ойындарын көргенді ұнататын. Ол кезде ауылдағы әр үй газет алушы еді ғой. Атам да газеттің әр санын жібермей оқып, телебағдарламада өзіне керегінің астын сызып қоятын. Атам сөзге шешен, екі тілде еркін сөйлейтін, – дейді майдангердің немересі Айжан Рамазанова.
Ақсақал соңынан ерген жалғыз ұлы Жасұланнан екі немере сүйді. Бүгіндері өз алдына бір-бір шаңырақтың иесі мен ұйытқысы болған Айжан мен Айдар аталарына Жеңіс күнінде тарту етілген сыйлықтарды көздің қарашығындай сақтап отыр. “Атамыздан қалған естелік” деп Шабай ақсақалдың құжаттарын да көрсетті. Шеті желініп, беті сарғайған құжаттардың арасында қызметтік куәліктері, әр жылдары алған Құрмет грамоталары және батырдың асыл бейнесін еске түсірер көнерген суреттер бар. Аталары 1988 жылы өмірден өткенде бастауыш сыныпта ғана оқыған немерелері Жәмила әжесінің әңгімелеріне де қанығып өскен.
Шабай Рамазанов Кеңес Одағының Батыры атағын алмаса да ұрпағы мен ауылдастары үшін одан асқан қаһарман, одан асқан батыр жоқ. Бұл майдаргер үшін марапаттың ең үлкені емес пе?!
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: сол жақта Шабай Рамазанов.