«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙМІЗ

Жуырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған “Қазақстан барысы – 2019” турнирінің республикалық кезеңіне жолдама алған балуандардың есімі анықталды. Бәсекелі додада Мұхит Тұрсыновпен бірге өңір намысын тұңғыш рет қорғайын деп отырған балуан Ернар Бегайдаровпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Солтүстікқазақстандық спорт сүйер қауым екінші орын алған сізді аса тани қоймайды. Әңгімеңіздің әлқиссасын туған жер, өскен ортадан бастасақ.
– Мен 1995 жылы Қызылорда облысындағы Сел ауылында дүниеге келдім. Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүрдім. Екі спорт түрінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Кейін Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, оны алғашқы әскери дайындық пәні мамамандығы бойынша тамамдадым. Кейін құқықтану мамандығын меңгердім.
Еліміздің солтүстік қақпасы – Петропавл қаласына 2017 жылы көшіп келдім. Қызылжар өңірі атынан түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Биылғы “Қызылжар барысында” бақ пен бабым қатар шауып, екінші орынға ие болдым. Ендігі кезекте әріптесім Мұхит Тұрсыновпен бірге “Қазақстан ба­рысында” өңір намысын қорғайтын боламын.
– Спорттық мансабыңызды дзюдодан бастаған екенсіз. Жүлделі орындарыңыз да аз емес көрінеді. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Спорттық мансабымда қол жеткізген жетістіктеріме тоқталар болсам, жеңісті жолым 2010 жылы басталды. Сол жылы Германияда өткен Еуропа кубогында қола жүлдегер атандым. Татарстанның Қазан қаласында өткен Еуразия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткіздім. 2011 жылы қазақ күресінен өткен ел біріншілігінде бағым жанып, алтыннан алқа тағындым. Арада бір жыл өткеннен кейін Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен әлем чемпионатында қазақ күресінен қола, татарлардың белбеу күресінен күміс жүлдеге ие болдым. Сондай-ақ, якуттардың “Қапсағай” атты күресінен біріншіліктің жеңімпазы атандым. Бұдан бөлек, республикалық және халықаралық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазымын.
Бүгіндері барлық балуандардың арманы – “Қазақстан барысында” жеңіске жету. Олардың қатарында мен де бармын. Осы ретте, қазақ күресінің осындай айтулы додасын ұйымдастырғаны үшін Қазақ күресі федерациясына алғысым шексіз.
– Қызылжар өңірі балуандарының “Қазақстан барысында” бағы жанбай жүр. Сондықтан жерлестеріміз сіздерге зор үміт артады. Республикалық кезеңге дайындықтарыңыз қалай жүруде?
– Біз қазіргі уақытта доппинг бақылаудан өтудеміз. Кейін жарнамалық компанияға қатысып, фотосуретке түсетін боламыз. Ал 17-18 мамыр күндері жаттығуларымызды бастаймыз. Соңғы он күн қалғанда оқу-жаттығу жиынын Ақмола облысындағы “Жастар” спорт кешенінде жалғастырамыз.
Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайыста Қызылжар өңірінің намысын қорғау біз үшін зор міндет, үлкен абырой. Сондықтан дайындық мәселесіне жауапкершілікпен қараймыз. Бастапқыда физикалық көрсеткіштерімізді жақсартуға басымдық береміз, кейін техниканы жетілдіретін боламыз. Сайдың тасындай іріктеліп шыққан балуандардың осал қарсылас болмасы анық. Сондықтан тыңғылықты дайындаламыз.
– Қазіргі таңда әр өңірден республикалық кезеңге іріктелген балуандардың аты-жөндері белгілі болды. Сіздер қарсыластарыңыздың дайындығын зерттеп, осал тұстарына талдау жасап жатқан шығарсыздар?
– “Қазақстан барысына” іріктелген 37 балуанның барлығы да өзіміз жақсы білетін, боз кілемде талай рет белдесіп жүрген жігіттер. Қарсыластарымыз 8 маусым күні жеребе тарту рәсімінде белгілі болады. Балуандарға келер болсақ, көптеген сайыстарда күрескендіктен, кімнің қандай тәсілді жиі қолданатынын, тіпті, қай қолымен тәсіл жасайтынын жақсы білеміз. Менің мақсатым – “Қазақстан барысында” үздік үштіктің қатарынан көріну. Асқақ арман жолында аянып қалмай, барлық күшімді, мол мүмкіндігімді пайдалануға тырысамын. Әлі де өзімнің кемшіліктерімді түзеп, үздіксіз жаттығуым керек.

Әңгімелескен Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp