«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫСЫМЫЗДЫ ҚАМШЫЛАР СӘТ

Ақындығы мен батырлығы алты алашқа мәшһүр Қожаберген жырау мен Сегіз серінің, жерлес жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың, Сафуан Шәймерденовтің алтын бесігі – Жамбыл ауданында ежелден сөз қадірін түсінетін азаматтар аз болмаған. Оның бір дәлелі, бұрындары облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылушылар саны 1500-ден асатын. Бірақ соңғы жылдары газет оқырмандары қатарының азайып кеткені біздің де жанымызға батып жүр еді. Абыз басылымның ғасырлық мерейтойы қарсаңында Есіл ауданының Бұлақ ауылы тұрғындары облыс жұртшылығына “Әр шаңыраққа – “Soltústik Qazaqstan!” деп үндеу тастап, жүрегі қазақ әрбір азаматты газетке жазылуға шақырыпты. Аққайың ауданының Дайындық, Мағжан Жұмабаев ауданының Ноғайбай ауылдарының тұрғындары да бұл бастамаға қолдау білдірген екен. Баян ауылының халқы үшін де “Soltústik Qazaqstan”-ның орны бөлек. Бұл басылым біздің жан серігіміз. Ауыл тұрғындарының ішінде газетті жетпіс жылдан бері жаздырып келе жатқандар да бар. Тіпті, алдыңғы толқын өкілдері әрбір санын көзінің қарашығындай шаңырағының төрінде сақтап келеді. Баян ауылында бүгінгі күні 116 отбасы түтін түтетіп отыр. Газеттің ғасырлық мерейтойына біздің сыйымыз – 116 үй бірде-бірі қалмай газет жаздырып алатын болады. 

Төл басылымның біз үшін қадір-қасиеті зор, бұл газетте біздің қаншама жерлестеріміздің қаламының ізі бар екенін де мақтанышпен айтып өткіміз келеді. Бүгінгі күні өмірден озған Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов, Байтұяқ Жанымбетов ағаларымыз ардақты басылымда қызмет атқарғанын қалай ұмытайық. Сонымен қатар газеттің ардагерлері – Мұрат Нұрмұқанов пен Әскер Әбілқайыров та – біздің ауылдың түлектері. 

Алаштың асыл азаматтары іргесін қалаған “Soltústik Qazaqstan” қай кезеңде де ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап келеді. Ендеше, намысымызды қамшылар сәтте аянып қалмай, бәріміз бір кісідей төл газетімізге жазылайық, ағайын!
 

Баян ауылының тұрғындары атынан: Тілеу БАЙТҰРҒАНОВ,

Ақсұлу ҚАСЕНОВА, Асқар СҰРАҒАНОВ,

Рита БЕГАЛИНА, Қанат ЕРКАЛИН, 

Айнагүл ҚОНЫСПАЕВА, Назгүл ҮМІТБАЕВА.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp