
Әркім өз басының қамын ойлап, жоғын жоқтап жүрген мынау аумалы-төкпелі өмірде әлсізге қол ұшын беріп, жығылғанды қолтығынан демеп, озбырды әшкерелеудің өзі ерлікпен пара-пар. Сондай оқиғалардың бірі біздің қаламызда да орын алды. Түстен кейінгі сағат төрттердің шамасында бесікарбадағы сәбиімен үй алдында серуендеп жүрген әйелді ашықтан-ашық тонаған ер адамды байқап қалған екі студент әлгі содырды тәртіп сақшыларына ұстап берді.
Оқиға былай болған. Сәбиімен жүрген жас келіншек бейтаныс ер кісінің өзін айналшықтап жүргенін байқаса да, мән бере қоймайды. Күтпеген жерден әлгі азамат әйелдің мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, қаша жөнеледі. Көмек сұрап, айқайлаған дауысты естіген 17-18 жас шамасындағы екі жігіт дереу күдіктінің ізіне түседі. Бір шақырымдай жерді жүгіріп өткен кісі тонаушы өзі тұратын үйге қуғыншылардан сәл бұрынырақ жетіп, дәліздің кілтін іштен іліп алады. Басқа біреулер болса, қолды бір сермеп жөндерімен кетіп қалар ма еді, кім білсін, ал мына батыл жастар өйтпеді. Дереу күдіктінің тұратын мекенжайын анықтап, 102 нөміріне хабарласып, тәртіп сақшыларының келгенін тапжылмай күтеді. Жедел топ келгесін тонаушының қай пәтерге тығылғанына дейін айтып береді. Пәтерді тінту барысында әйелдің алтын алқасы табылады.
Тонаушыны ұстауға көмектескен жігіттердің бірі – Дмитрий Калмыков. Ол – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің бірінші курс студенті. Дмитрийдің бұл әрекетін ерлік деп бағалаған қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы арнайы дипломмен және сыйақымен марапаттады.
(Өз тілшіміз).