«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“НАМЫС ДОДА”: БІЗДІҢ ҚҰРАМА БАҒЫНДЫРАТЫН ЖАҢА БЕЛЕСТЕР

2 қазан күні “Қазақстан” телеарнасының эфирінде танымал “Намыс дода” ойынының жаңа маусымы басталады.

Осы жылы жоба ережелері өзгерді. Енді қатысушылар әрбір ойынға және әрбір сайысқа қатысуға міндетті. Бұдан бұрын “Чемпион қабырғасы” ойыны ұпай санын түгендеу кезінде шешуші әрі маңызды кезең болатын. Ал осы маусымда ұпай саны әр ойын аяқталғаннан кейін есептеліп, ең соңында барлық кезеңдер бойынша жалпы ұпай саны шығарылады.

“Намыс дода” ойынының түсірілімдері алғаш рет Хайнань аралығында орналасқан Қытайдың Хайкоу қаласында өткізілді. Қазақстан құрамасының қарсыластары Қытай, Венгрия, Франция және Алжир. 2007 жылы өткізілген турнирде Қазақстан – 4-ші орынды, 2008 жылы жүлделі 2-ші орынды иеленсе, ал 2012 жылы жеңімпаз атанып, бас жүлдені ұтып алған болатын.  

Бұл маусымдағы қазақстандық құраманың бас бапкері аралас жекпе-жек бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуразия және Азия чемпионы, ММА бойынша әлем кубогының иегері Ардақ Назаров.

Ойынға Олимпиада чемпиондары, әртүрлі спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары, өнер қайраткерлері қатысады.

Қазақстан намысын қорғайтындар, негізінен, түрлі жекпе-жек өкілдері. Мысалы, Қазақстанның бокс бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы және Лондонда өткен Олимпиада қатысушысы Саида Хасенова, жас кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров, Қазақстанның жастар құрамасының волейболшысы Әлия Батқұлдина, самбо бойынша екі дүркін әлем чемпионы Райса Байлиева және тағы басқалары. Сондай-ақ, ойынға қатысушыларға қазақстандық танымал өнер жұлдыздары қолдау көрсетеді.

“Намыс дода” тележобасын “Қазақстан” телеарнасының эфирінен 2 қазаннан бастап жұма күндері – сағат 21.05-те, жексенбі күні сағат 15.00-де қайталауын тамашалай аласыздар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp