Адами қасиеттердің арқауы – ар, ұят және намыс. Біз үшін қадірлі ұғым саналады. Намыссыз адам – ар-ұяттан ада, адамгершіліктен жұрдай. Намыс сөзінде ұлттық әрі қоғамдық мәнге ие мағына мен реңк бар.
Егер қазақ намысын ғылыми тұрғыдан түсінгіміз келсе, онда бұл феноменде таусылмайтын рухани-идеологиялық, адамгершілік-психологиялық энергия жатқанын аңғарамыз.
Мәселен, намысқойлық, арды ардақтау, қонақжайлық, абыройға кір келтірмеу – қазақ халқына ерекше тән қасиеттер. Сондықтан қазақтар: “Жан сақтама, ар сақта”, “Жаным – арымның садағасы”, “Жарлы болсаң да, арлы бол”, “Намысыңды жауға жіберме”, “Ерді – намыс, қоянды қамыс өлтіреді” дейді. Сөйтіп, ар мен намысты адамның ең қымбат қазынасы – өмірден де жоғары қояды. Қазақтың ұлттық моралінің тағы бір биік шыңы – ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу және ұлттың болашақ анасы ретінде қыз баланы алақанға салып әлпештеп, ардақтап өсіру. Қазақтың ұлттық намысы, негізінен, осылардан құралады.
Намысты қорғау үшін ерлік керек. Ата-ана, ағайын-туғанды аман сақтап, олардың өз жерінде өмір сүруін қамтамасыз ету үшін сүйіспеншілік қажет. Мұның бәрі отаншылдықпен қабысып, патриотизмге ұласады. Ұлтжанды патриоттардың бірігіп, бас қосуынан жалпыхалықтық, ұлттық патриотизм қалыптасады. Айтарлықтай, мақтан тұтатын кендіқазыналы байтақ жеріміз, мың-мың толғауға келер ортақ тіліміз, қайсар мінезіміз, егемен мемлекетіміз, шеп құрған қаһарман жасағымыз, Әнұранымыз, Ата Заңымыз, көк Туымыз, Елтаңбамыз бар қазақ деген ұлт екенімізді дүниеге жария еткенімізге, міне ширек ғасырдан асты.
Бірақ ар, рух, намыс бәрінің бойынан табылмайтыны өкінішті. Бүгінгі таңда жік-жікке бөліну, жалтақтау, біреудің әдет, мәдениетіне еліктеу, күншілдік, бәсеке, боскеуде сияқты кейбір жағымсыз қасиет адамдарда көрініс табуда. Өз халқымыздың тілін, дінін, ділін, салтын, дәстүрін, әдеп-ғұрпын білмекке ұмтылыс азайып барады. Оған қосылған нашақорлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен парақорлық ұлтымыздың санасын улауда. Сауатты қазақ көбейгенімен, намысты қазақ аз. Әр адам туған жерін құрметтеп, бір-біріне бауырмал болса ғанибет қой. Біз әрқашан айналамыздағы адамдармен тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірімізге қамқор болуымыз керек.
Бұл орайда профессор Сәбетқазы Ақатайдың: “Нағыз қазақ үшін қазақ тілінде сөйлеу, қазақ тілінде ойлау, қазақша өмір сүру ғанибет қана емес, сән мен сымбат, салтанат пен парасат, қазақтың елі мен жері, мемлекеті мен Көк туы, бала-шағасы мен ұрпағы алдындағы, ата-баба аруағы алдындағы өтемес парызы” деген сөзі ойға оралады. Намыстың құнын ақшамен емес, ар-ұятпен есептеу абзал. Сонда ұлтымыздың рухы асқақ болмақ.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
зейнеткер.