Өз кәсібін дөңгелетіп, еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған іскер азаматтар саны күн санап көбейіп келеді. Заман ағымымен алға басып, отбасылық бизнестің басы-қасында жүрген аяулы жандардың бірі – Ольга Коптева.
Іскер әйел жақында аудан орталығында “Пекарушка” атты наубайхана ашып, тұрғындарды қуанышқа бөледі.
– Ерінбеген адам үшін істейтін жұмыс қашанда табылады. Тек қана мақсат, күш-қайрат керек. Сол кезде қолға алған істің барлығы жүзеге асады. Наубайхана – біздің отбасылық кәсібіміздің ортақ жемісі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ашылған наубайханамыздың жұмысы тұрғындар көңілінен шығады деген үміттеміз, – деді жаңа нысан иесі.
Он адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беріп отырған наубайхана иесінің айтуына қарағанда, бiр тәулiкте аудан халқын 2000 бөлке жаңа пiскен нанмен қамтамасыз етедi. Сонымен қатар, наубайханада жұмсақ, дәмді тоқаштың тоғыз түрі пісіріледі. “Пекарушка” наубайханасынан шыққан ыстық нан ауыл тұрғындарына ғана емес, аурухана, балабақша сияқты барлығы 20 әлеуметтік нысанға жеткізіледі.Тіпті, көрші орналасқан Александровка, Николаевка, Ильинка сияқты ауылдар да кәсіпкердің нанын асыға күтеді.
Ас атасы нанның бірнеше түрін пісіріп, ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленіп отырған кәсіпкер жұмысының өрге басуы біріншіден отбасындағы ауызбіршілік, татулық және еңбек етуге деген құлшыныстың нәтижесі екенін айтады. Үй шаруасы мен жұмыс тізгінін қатар ұстаған Ольга Николаевна нанның сапасын қадағалап отырса, жұбайы Владимир Андреевич ыстық бөлкелерді тапсырыс берген дүкендерге жеткізумен айналысады. Ұлдары Дмитрий де ата-анасының жұмысына белсене араласып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде. Сүттей ұйыған бір отбасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, міне, осындай. Талабы зор кәсіпкер бір сәт те қол қусырып отырған емес. Бір мақсатқа ұмтылған отбасы мүшелері адал ниеттерімен, қажырлы еңбектерімен тындырымды тірліктер атқарып, еңселерін тіктей түсті. Ендігі бағыт қолға алған кәсіпті кеңейте түсу. Бүгінгі нарық заманында уақыт талабын дөп танып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған осындай ұйымшыл отбасы жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Мейраш ӘБУОВ,
журналист.