Қазақстан жаңғақ өнімдерін көп жағдайда шетелден импорттайды, елдегі климаттық ерекшеліктер кейбір жаңғақ түрлерін өсіруге мүмкіндік бермегендіктен, өндіріс көлемі ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Сондықтан нарықтағы қажеттілікті өтеу үшін Қазақстан әртүрлі елдерден жаңғақ сатып алуға мәжбүр. Мәселен, 2024 жылғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстанда өңделген және консервіленген жаңғақтар мен жемістер өндірісі 12,2 мың тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға артық. Осы аралықта өңделген жаңғақтар мен жемістердің импорты да 20,7 пайызға артып, 194,9 мың тоннаға жетті. Импортталған өнімнің нарықтағы үлесі 94,1 пайызды құрайды.
Елге грек жаңғағы Өзбекстан, Қытай және Қырғызстаннан импортталады. Қазақстандағы бадамның негізгі жеткізушілері – АҚШ, Иран және Түркия. Фундук – Түркия мен Грузиядан әкелінеді. Кешью жаңғағы көбіне Үндістан мен Вьетнамнан импортталады. Жержаңғақтың негізгі жеткізушілері – Аргентина, Бразилия және Үндістан.
Бұл жаңғақтардың әрқайсысы тағам өнеркәсібінде кеңінен қолданылады және халық арасында жоғары сұранысқа ие. Дегенмен импорттық жаңғақ нарығы бірқатар қиындықтарға тап болуда. Олардың ішінде бағаның тұрақсыздығы, сапа мәселесі негізгі проблемаға айналып отыр. Жаңғақ өнімдері шетелден әкелінетіндіктен, олардың құны логистика шығындары, кедендік алымдар және импорттаушы елдің ішкі бағасына тікелей тәуелді болып келеді. Кейде импортталған жаңғақтар сапасыз әрі ұзақ сақтауға жарамай жатады.
Қазақстанда жаңғақ өсіру саласы жақсы дамымағандықтан, бұл бағыт инвестиция мен технологиялық жетілдіруді қажет етеді. Мамандардың пікірінше, егер жаңғақ өсіруге қолайлы аймақтар зерттеліп, фермерлерді ынталандыру шаралары жүзеге асса, ішкі нарықтағы сұранысты жергілікті өндіріс арқылы қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға болады.