Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кіршіксіз тазалық пен адамгершілік үлгісін көрсетіп, бар ғұмырын қаз-қаз басып келе жатқан Қазақстанына арнаған адал азамат, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Әкпән Үкібаев өз ақыл-парасаты мен көпшіл мінезі арқылы елге жаққан, сол кездегі қоғамның ауыр жүгін жұртпен бірге тартысқан нар тұлғалы жанның бірі еді.
Ол қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданында туып-өскен. 1920 жылы осы аудандағы тұңғыш қой артельдері шопандарының балалары үшін бастауыш мектеп ұйымдастырылған. Оның түлектерінің бірі – Әкпән Үкібаев. Бұдан кейін оқуын Олжабай елді мекеніндегі мектеп-интернатта жалғастырады.
Әкпән Үкібаев қилы заман қаһарына қарамай, үнемі ізденіс үстінде болды. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…» дегендей, ол 1934 жылы оқу іздеп Алматыға келеді. Қаржы техникумында оқып жүрген кезінде әскерге алынып, 1939 жылдан 1946 жылдың аяғына дейін әскери қызмет атқарады. Ел қорғап, жаумен бетпе-бет айқасқан қазақ офицері, капитан Ә.Үкібаев №201 атқыштар дивизиясының батарея командирі болған.
Соғыстан кейін туған өңірі – Ақмолада облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Зейінді жан соңынан Алматыдағы жоғары партия мектебі мен мұғалімдер институтын бір мезгілде аяқтап, елге оралады.
Тың эпопеясы басталғанға дейін ол Ақмола облысының Шортанды аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде істейді. Әкпән Үкібаевтың ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі тыңда құрылған Есіл, Қима, Жақсы, Державин аудандарында жарқ етіп көрініс берді.
Тың төскейінде үзеңгілес жолдас, аға-іні болған азаматтар ол туралы толғана отырып сыр ашатын.
Ақмоланың құрметті азаматы, қадірлі ақсақалы болған, жасы 100-ге таяса да, ақыл-ойы тың Мұқат Мейірмановтың көзі тірісінде бізге айтқан бір әңгімесі диктофон таспасына жазылып қалып еді: «Әкпән жігіттің төресі еді. Ұрсу-зеку дегенді білмейтін. Үлкен-кішінің қыбын оңай табатын. Кейбір бастықсымақтарға тән паңдық, кісімсу деген жаман қасиеттер оның бойында мүлдем болған емес. Сол үшін шығар оны қазақ-орыс бірдей қатты қадір тұтты. Қандай арыз-шағым түссе де, істің байыбына бармай, шолақ шешім қабылдамаушы еді. Ақмолада басшылық қызметтер атқарған, кейін Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын басқарған Василий Демиденкоға көп өнеге, тәлім-тәрбие берген де осы кісі.
Әкпән басқарған Державин ауданының «Ленин комсомолы» кеңшарының директоры Василий Демиденконың мінезі қыңыр әрі қиянатшыл болғандықтан, үстінен жұмыскерлер тарапынан жазылған арыз-шағымдар жоғары жаққа жиі түсіп жататын. Жұмысы алға басқанымен, озбыр мінезі оған үнемі бөгет болды. Қиын шақта халықпен тіл табысуды, жұмыс істей білуді үйреткен Әкпән Үкібаевты ол үнемі әкесіндей пір тұтып, айтқан ақылын жадында ұстады. Бұл оның өмірдегі бағын ашуға үлкен себеп болды. Соны есіне түсіріп, көзіне жас алғанын талай естідім, көрдім де».
Күрмеуі күрделі мәселелерді Әкпән Үкібаев әрдайым ұтымды шешіп отырған. Оның ағалық шапағатын көрген көптеген арқалы жас жігіттер кейіндері шынайы мемлекет қайраткерлеріне айналды. Солардың қатарында Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев және Әділхан Шабатов бар. Оларды Әкпән туғанындай қадірледі, ағалықпен ақыл қосты, жол көрсетті әрі өмірде керемет тірек бола білді.
Соғыс ардагері, тың өлкесі белсенділерінің бірі болған Сейітжан Жақыпов ақсақал да Ақаңның жайсаң мінез ерекшелігіне ерекше сипаттама берген еді: «Манап Тәшенов Есіл ауданының бірінші хатшысы болған кезде Әкпән Үкібаев аудандық атқару комитетіне төрағалық етті. Алқалы мәжілістерде Манап Ақаңсыз тоқ етер сөзін, жиынның шешімін айтпаушы еді. Аудан басшысы жауапты істе көңілінен шықпай қалған кезде жергілікті азаматтардың арасынан тағайындалған жігіттерге қатты шүйлігетін, тіпті, жұмыстан босату мәселесін жиі көтеретін. Мұндайда Ақаң сөздің артын тосып, маңғаз мінезімен, ұстамды сөзімен елді бірлікке ұйытып, істі насырға шаптырмайтын. Ал оңашада қалғанда үзеңгілес басшы азаматқа: «Егер жергілікті азаматтарымызды анау-мынау істері үшін өгейсітетін болсақ, ертең кіммен қаламыз, соны бір уақыт еске алып отырыңыз», – деп салиқалы түрде ақыл қосатын. Өмірде ол екеуі өте тату-тәтті жұмыс істей білген. Соның арқасында аудан өркендеп, елдің жағдайы жақсы түзелді. Бүгінгі Елбасының «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп жиі қайталауы көрегендігі деп білемін. Мұны біз сол дәуірдегі ұлы дүрбелеңде үлкен іс үстінде көзімізбен көрдік».
Кейін Әкпән Үкібаев жаңадан құрылған Державин аудандық партия комитетіне (бүгінгі Жарқайың) бірінші хатшы болып тағайындалады. Ол құба жонда айналасы 3 жылдың ішінде әдемі қала тұрғыза білді. Іргелі шаруашылықтар құрып, шамалы уақыт ішінде аудан тұрғындарының тұрмысын жақсарта түсті. Соған орай Кеңес Одағының ең жоғары наградаларына ұсынылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Қазір асыл ағамыздың айшықты қолтаңбасы қалған өңірде оның аты берілген мектеп пен көше бар. Әрине, мұны жергілікті халықтың оған көрсеткен құрметі деп түсіну керек.
Ақаң көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Шамалы уақыттан кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады.
Әкпән Үкібаевтың бала күннен бірге өскен жолдасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кейін партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болған Аманжол Қалықов қимас досы жайлы: «Соғыстан кейін, әсіресе, тың көтеру жылдарында менің замандасым әрі жерлесім Әкпән Үкібаев ерекше тұлғаланып көрінді. Ол үлкен мемлекеттік қызметтерді атқарды, бірақ соған қарамастан, мейлінше кішіпейіл, қарапайым кісі болды. Жұмыс үшін, елі үшін жанын беретін еңіреген ерлердің бірі еді. Сондай жағдайда жүргенде автомобиль апатынан қаза болды. Әйтпегенде оның шығар биігі әлі алда еді”, – деп жазды.
Сұм ажал Әкпән ағаны бар болғаны 44 жасында ортамыздан алып кетті. Аз жасап, көп тындырған халқымыздың ардақты ұлының арамыздан кеткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ оның жарқын бейнесі, өнегелі істері ел жадынан өшпек емес.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.