Барша халықты қуанышқа бөлеген мерейлі Жеңіс күнін оқ пен оттың арасында етігімен су кеше жүріп, ұлтарақтай жер үшін қасық қандары қалғанша жан аямай арпалысқан мыңдаған ардагерлер арасында менің нағашым Қоңқай Жағыпаров та болғанын бүгінгі күні мақтанышпен айта аламын.
Нағашымның өзіммен тетелес қызы Сәуле екеуміз жұбымыз жазылмай бірге өстік. Балалық шағымызды еске алсам, көз алдыма бірден ұзын бойлы, келбетті, жүзінен мейірім төгілген нағашымның бейнесі келеді. Ол 1926 жылы Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Соғыс басталып, ауылдағы бас көтерер ер-азаматтардың барлығы Отан қорғауға аттанғанда елдегі ауыртпалықты жұртпен бірдей бөлісіп, тылда еңбек етеді. Біз одан соғыс жайлы сұрағанымызда: “1944 жылы соғысқа аттанып, Белоруссия майданының 129-шы атқыштар дивизиясының құрамында Кеңес Одағының төрт мәрте Батыры, қолбасшы, маршал Георгий Жуковтың бастауымен фашистерге қарсы жанкештілікпен айқастым. Біз жолдастарымызбен Берлинге дейін жетсек деп армандадық. Ол үшін сан мыңдаған шақырым жерді өттік. Майданда 457 полктің бөлімшесінде командир болдым. Артиллерияны майданның ең бір қиын аумақтарына, немістердің танк дивизиясына қарсы бастадым”, – деген нағашым майдан даласында неміс басқыншыларымен талай қоян-қолтық шайқасқандарын, Жеңістің оңайлықпен келмегенін айтатын.
Берлин үшін шайқас оның есінде өшпес із қалдырды. Өйткені, сол соғыста оң қолынан ауыр жарақат алып, госпитальға түседі де, жолдастарымен Берлинге дейін жетсек деген арманы орындалмай қалады. “Болат – қайнауда, батыр майданда шынығады” дегендей, бейбіт күнде ауылдастарының, туған-туысқандарының арасында мейірімділігімен, кеңпейілділігімен ерекшеленген нағашымның майданда көрсеткен ержүректігі үшін алған наградалары да жеткілікті болушы еді. Біз ол кезде балалықпен ол наградалардың нағашыма қаншалықты құнды екендігін сезбедік. “Соғыс кезінде бәрі де болады. Әр жеңісіміз үшін қуансақ, қандыбалақ жолдастарымыздан айрылғанда ажалға араша түсе алмағанымыз үшін өкінішті басымыздан кештік. Қиян-кескі соғыстан елге аман-есен оралуымыздың өзі – бізге тағдырдың берген сыйы. Біз Отанға деген сүйіспеншілігіміз бен Жеңіске ұмтылысымызды өз мүддемізден биік қоятынбыз. Сондықтан да Жеңісті бір табан болсын жақындатуға өлшеусіз үлес қостық”, – дейтін.
Нағашым соғыс аяқталған соң да елге бірден оралмай, әскери қызметін Самара қаласындағы артиллерия бөлімшесінде жалғастырған. 1950 жылы ғана елге оралып, ұжымдық шаруашылықта есепші, одан басқарма төрағасы болды. Құдай қосқан қосағы Клара жеңгеміз екеуі жарты ғасырдан артық тату-тәтті ғұмыр кешіп, он бала тәрбиелеп өсірді. “Ардақты ана” атанған Клара жеңгеміз – “Алтын алқа” иегері. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей болған ардақты жандар ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды. Бүгінде балаларының барлығы – оқып, өз мамандықтарының жемісін көріп, еңбектерімен елге танылып жүрген азаматтар.
Нағашым Дәуқара ауылынан соғысқа аттанып, елге аман оралған майдангерлердің ішінде тірі жүрген жалғыз ардагер еді. Алайда, сұм ажал оған Жеңістің 70 жылдығын көруді бұйыртпады. Ауылдағы соңғы майдангер Қоңқай Жағыпаров 2012 жылы өмірден озды. Ол туралы естелік біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Айман НҰРЫШЕВА,
Лесное ауылының тұрғыны.
Аққайың ауданы.