«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУҚАС БАЛАҒА КӨМЕК

Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылынан 64 шақырым қашықтықта орналасқан Айтуар ауылында 2 жарым жасар бала аяқ астынан ауырып қалғанда, бірнеше күнгі боран салдарынан жол жабылып қалған себепті “Жедел жәрдем” көлігінің өтуі мүмкін болмады. “Шұғыл көмек қажет! Баламның жағдайы нашарлап барады!”, деп таңғы 5-те облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісіне қоңырау шалған әйелдің ащы даусы қызметкерлерді аяғынан тік тұрғызды.

 Благовещенка ауылында орналасқан №21 өрт сөндіру бекетінен “КамАЗ” көлігін жөнелту туралы шешім қабылданды. Одан соң аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Сейілбек Смаилов “К-701″ тракторын да пайдалану керек деп ұйғарды. Бұл дұрыс шешім болғанына кейін қызметкерлердің көзі жетті. Өйткені күртік қардан өту оңай болмады. Өздерін қоярға жер таба алмай асыққан экипаж мүшелерінің ойлағаны науқас баланың жағдайы еді. Келе салысымен баланы тексерген көп жылдық өтілі бар медбике Майра Әбілова соқыр ішек екенін анықтады. Құтқарушылар кішкентай Сұлтанды өз көліктеріне жатқызып, жолда күтіп тұрған жедел медициналық жәрдем бригадасына табыс етті. Жамбыл аудандық ауруханасына дер кезінде жатқызылған баланың жағдайы қазір тұрақты. Сұлтанның ата-анасы Айдар мен Айнұр құтқарушыларға алғысын жаудыруда.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp