«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҒЫЗ ӘКЕ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Қызылжар ауданындағы Озерный орта мектебінде “Әке – отбасының тірегі” тақырыбында ата-аналар конференциясы өтті. Оған мектеп оқушыларының әкелері шақырылды.

Аталмыш шара өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің рөлін арттыру, үлгі болар отбасыларды насихаттау және балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, отбасы – қазақстандық қоғамның, демек, мемлекетіміздің тірегі. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбие сіңіретінімізге тікелей байланысты. Әр отбасындағы берік орныққан рухани-адамгершілік құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанда ғана бала бойында туған жерге сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, бір-біріне төзімділік қалыптасады.

Адам тамырын тереңге тартқан ағаш іспетті. Баланың мәуелі бәйтеректей қанатын кең жаюына алдымен ата-ана жауапты. Әсіресе, отбасының тірегі ретінде әкенің алар орны ерекше. 2-5-сынып оқушыларының “Менің әкем” тақырыбына жазған эсселері мен жоғары сынып балаларының әзірлеген стенді “Нағыз әке қандай болады?” тақырыбындағы конференцияның мазмұнын аша түсті. Жоғары сынып оқушылары нағыз әкенің бейнесін: “мейірімді, ақылды, рақымшыл, көңілді, кеңпейілді” деген сөздермен сипаттады. Төменгі сыныптағы балғындар әкелерін бірге өткізген көңілді сәттері арқылы бағалады. Олардың: “Әкем екеуміз жазда балық аулауға барамыз”, “Біз әкем екеуіміз бірге ойнаймыз, велосипедпен табиғатқа серуендеуге шығамыз”, тағы басқа да әңгімелерінен-ақ олардың арасындағы жылы қарым-қатынасты аңғаруға болады.

Балалардың кіршіксіз, ақ жүректерінен шыққан ойларын әкелермен бірге талқыладық. Қорытындысында әкелер: “Баланың алдында әкелер әр кез мейірімді, кішіпейіл, бауырмал, тәртіптілігімен ерекшеленуі, асыл қасиеттерімен үлгі болуы керек. Өйткені, “Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер” дегендей, бала әке-шешеге қарап өседі, олардың бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді де солардан алады. “Не ексең, соны орасың” дегендей, бүгін балаларымызды қалай тәрбиелесек, ертең қартайғанда, соның қайтарымы болады”, – деген ортақ пікірге келді.

Тек ер-азаматтардан құралған жиыннан әкелер көтеріңкі көңіл-күймен, жағымды әсермен тарқасты.

Аягөз АХМЕТОВА,

Озерный орта мектебінің

психологі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp