Облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Жасұлан Жұмашев тікұшақпен облыстағы су басу қаупі бар аймақтарды аралап, жағдаймен танысты.
Өңір басшысы көктемде судың жайылуына байланысты жергілікті атқарушы биліктің қолға алып жатқан шараларына, су тасқыны салдарынан халықты қорғауды ұйымдастыратын қызметтің жұмысына назар аударды. Бүгіндері Шағалалы өзенінің арнасы, Үлкен Тораңғұл, Бозарал, Балықты, Сарыкөл көлдері мен Тайынша және Аққайың аудандарының аумағы, сондай-ақ, Сергеевка су қоймасы бақылауға алынған.
Жұмыс барысында назарға алынған алғашқы елді мекен Есіл ауданының Совет ауылы болды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Үлкен Тораңғұл көліндегі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Жыл сайын осы аумақта судың деңгейі көтеріліп, жақын маңдағы үйлерге қауіп төнеді. Қазіргі таңда көлде судың деңгейін төмендету мақсатында барлық шаралар атқарылуда. “Қазсушар” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Аманжол Қожағұловтың айтуынша, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында наурыз айының соңынан бастап суды ағызып жіберу жұмыстары қолға алынған. Ал Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев өңір басшысын шлюздағы жағдаймен таныстырды. Иесіз қалған су өткізу бөгесіні жөндеуді қажет етеді. Жазда бөгесін аудан балансына алынып, қайта қалпына келтірілетін болады. Жақын күндері алқаптардан ғана емес, Қамысақты өзенінен келетін судың қаупі де жоғары. Аудан әкімі судың деңгейі бақылауда екенін және суға бөгесін болатын материал жеткізілгенін айтты.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов алдын ала болжам жасап, қанша су келетінін анықтауды тапсырды. Есіл ауданындағы алқаптарға қардың қалың түсуіне орай облыстық маңыздағы автожолдарды су шаю қаупі байқалуда. Мұратбек Әбішев Горное ауылына жақын маңдағы жолға ең көп залал келтірілгенін хабарлады. Корнеевка-Рощинское бағытындағы жолды да су басқан. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметтері бойынша, еріген қар суы ағып кетуі үшін Новоузенка ауылының маңында жергілікті маңыздағы Рощинское-Корнеевка-Волошинка автожолының жабындысын алу мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Көктемгі су тасқыны кезеңінде Есіл ауданында 47 арнайы техника әзірленіп, жедел штаб жұмыс істеуде. Ал апаттың алдын алу үшін 5 миллион теңге бөлінген.
Шал ақын ауданында облыс әкімі Сергеевка су қоймасындағы жағдайға қанықты. Әзірге Есіл өзенінде мұз ерімеген. Алайда, қоймада судың деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 метрдей жоғары. Сергеевка су қоймасының басшысы Бағлан Қарабековтың айтуынша, су торабындағы жағдай ұдайы назарда. Күн сайын бөгет арқылы 40 миллион текше метрге жуық су өтеді. Қазіргі таңда тек еріген қар суымен белсенді күрес жүргізілуде, біздің облысымыз бойынша Есіл мен өзге де шағын өзендерде мұз жару жақын күндері жүзеге асырылады.
– Тайынша ауданына қатысты айтар болсақ, бұл жерде қар суының осыншалықты жайылуы 30 жылдан астам уақыт болмаған. Судың көлемі көп болғаны соншалық, жолдарды жыруға тура келді. Сондықтан бұл жолда су өткізуші жасанды құрылғыларды 2-2,5 есеге дейін ұлғайту қажет. Үстіміздегі жылы бұл мәселені шешетін боламыз, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.
